Облыстық білім басқармасы жыл сайын тәжірибесімен қатар ерекше әдістемелерін ескере отырып, үздіктердің тізімін жариялайды. Биыл қала мектептері мен осы салаға үлес қосқан өзге де мекемелердің арасынан алты адамның есімі белгілі болды. Солардың бірі Қостанайдағы 24 мектеп-гимназиясының ұстазы Шолпан Ахметова.
– Шолпан Бурабайқызы бүгінде еңбегіңіз еленіп, ұстаздар күнінің қарсаңында білім басқармасының марапатын алып жатырсыз құтты болсын! Жалпы ұстаз жолына қалай келдіңіз? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Рақмет! Ұстаздық еңбек жолымды өзім оқыған Торғай өңіріндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен бастадым. Содан бері үздіксіз 29 жыл ұстаздық қызметті атқарып келемін. Ұстаздық жолға қалай келдім? Бала күнімнен мұғалім болуды армандадым деп айта алмаймын. Өмір өзі мені осы арнаға бұрды десем, дұрыс болар. Балалық шағымнан ұстаздарымды өнеге қылып, үлгі тұттым. Сондықтан да педагогика саласын таңдадым. Атап айтатын болсам, ең бірінші себеп болған адам, ол – Рима Өмірбекқызы Әбішева деген сынып жетекші болған мұғалімім. Сол ұстазыма қарап, қатты қызығатынмын. Ол кісі өзінің білімімен, біліктілігімен, жүрыс-тұрысы, өз-өзін ұстауы, балаларға деген мейіріміділігімен, жайдары мінезімен, тіпті, ұстаздық болмысына лайықты сырт келбетімен маған қатты әсер еткен болар.
– Өткенмен салыстыра отырып, қазіргі білім жүйесіндегі өзгерістер туралы не айтасыз?
– Қоғамдағы өзге салалар сияқты білім беру жүйесі де үздіксіз даму үстінде. Әлемдік тәжірибе көрсетіп тұрғандай, оқушыларды заман талабына қарай даярлау, өзін-өзі табысты жүзеге асыруы үшін белгілі бір құзіреттерді дамытып, қажетті дағдыларды қалыптастыру көзделген. Қазіргі кезде мектептің жүрегі –мүғалім болғандықтан, ұстаздарға баса назар аударып отыр. Оған дәлел мұғалім мәртебесі туралы заңның шығуы. Ол заң мұғалімнің үнемі дамып отыруын ықпал ететіндей орта ұйымдастырды және алға жетелетіндей нақты мақсаттар қойды. Мысалы, оның жемісін мұғалімдердің біліктілік санатына қойылатын талаптардан да көруге болады.
– Сіздіңше үздік ұстаз қандай болуы керек?
– Өз білімін үнемі жетілдірмеген ұстаз – қоғам көшінен қалып қоятыны сөзсіз. Сондықтан үнемі алдына жаңа мақсат- міндеттер қойып, жаңаша жұмыс істеуге, шығармашылық еңбегімен оқыту әдістерін жаңа арнаға бұрып, өмір талабы мен оқушы талғамына, сұранысына бейімделіп, үнемі үздіксіз ізденіс үстінде болса ғана “үздік ұстаз» бола алады деп ойлаймын.
– Сіз қызмет етіп келе жатқан ұжымның тынысы жайында бірер ауыз айта кетсеңіз.
– Біздің 24 мектеп-гимназиясы осы қала көлемінде ашылған мемлекеттік тілде оқытылатын білім ордасы. Қазіргі уақытта мектепте 540 оқушы білім алып жатыр. Мекеп-гимназияның алға қойған ең басты мақсаты – жан-жақты дамыған рухани жағынан бай тұлға қалыптастыру. Жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастыру үшін, әрине, мұғалімдердің біліктілігі ең басты орында тұрады. Сол себепті әдістемелік жұмыс жоғары деңгейде атқарылып келе жатыр. Мектептің алға қойған мақсаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстың қаншалықты жақсы деңгейде екеніне дәлел болатыны, әрине, шәкірттеріміздің нәтижелі жетістіктері. Оған дәлел бастауыш мектептердің арасында өтетін республикалық деңгейдегі математикалық «Бастау» турнирінен он жыл бойы жүлделі орындарды иеленіп келе жатқаны. Республикалық деңгейдегі ғылыми жобалардан да жүлделі орынға ие болып келеді. Сонымен қатар ұлттық тәрбиеге де баса назар аударылған. «Тәрбиесіз берілген білім – тұл» дегендей метебімізде тәрбие де тыс қалмайды. Әсіресе, ұлттық тәрбие. Осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіру мақсатында «Күре тамыр» жобасы қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл жобада қазір өзіміздің ұлттық дәстүрімізден, тілімізден алыстап бара жатқан ата-ананы, баланы осы білім ордасында «үштік одақты» (ата-ана-бала-мұғалім) біріктіру арқылы ұрпақтар сабақтастығын орнату жұмыстары жүзеге асырылуда.
– Сіздердің білім ордаларыңызда әртүрлі үйірме жұмыстары бар ма?
– Мектебімізде баланы жан-жақты дамытатын үйірмелер жетерлік. Атап айтатын болсақ,
эстетикалық тәрбие беру бағытында «балақай» би ансамблі, «Балдәурен» домбыра үйірмесі, «Шаттық» вокаль үйірмесі, «Сиқырлы қалам» мен «Артдизайн» үйірмелері бар. Сонымен қатр, спорттық бағытта «Пинбол» секциясы, «Тоғызқұмалақ», «Шахмат», және «Театр», «Бағдаршам» үйірмелері жұмыс істеп тұр.
– Бастауыш білім берудің қандай әдістері енгізіліп жатыр?
– Мұғалім оқу процесінде бала өздігінен білім алуына қолайлы жағдай жасауы қажет және сынып ортасының деңгейіне қарай жеке тұлғаның жан-жақты дамуына тиімді әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдана алуы керек. Қазіргі білім саласында бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мақсатында сабақ ортасын тереңдету мұғалімнің алдына қойылып отырған басты мақсат болып отыр. Сабақ ортасын тереңдете отырып, мұғалім бағыттаушы , жетелуші ролін атқарса, ал бала ізденуші, зерттеуші рөлін атқарады. Демек, сабақтың ең басты тұлғасы оқушы. 45 минуттық сабақта оқушының іс-әрекеті мұғалім іс әрекетінен басымырақ болуы керек. Қолданатын әдіс-тәсілдер оқушының жан-жақты дамуына ықпал етуі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Айбек ЖҮЗБАЙ