Т. Қалмағанбетов атындағы Ұлытау филормониясы Арқалық қаласына келді. Қала-ауыл жұртын өнерімен сусындатты.
Өнер ұжымының тарихы сонау 1974 жылдан бастау алады. Бүгінде іргелі ұжымда екі бірдей Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, екі бірдей мәдениет қайраткері, бес бірдей мәдениет саласының үздігі қызмет етуде.
Өнерпаздар қазақ жасөспірімдер театры мен Молодежный, Восточный, Фурманов ауылдарында болып, өнер сүйер қауымды ән-күйге бөледі. Сайдың тасындай іріктелген өнерлі жастар әуелете ән шырқап, күмбірлете күй тартты, мың бұрала би биледі.
Халықтың құрметіне кенелген өнерпаздарға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы қала әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Арқалық өңірлік архивінің басшысы Сағидолла Кәкенұлы мен белгілі қолөнер шебері, тарихшы, өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин жылы лебіздерін жеткізді.
Өнерлі ұжым осы сапарында Аманкелді, Жанкелдин аудандарында да болып, шалғайдағы ел-жұрттың ықыласына кенелмек.
«Жаңадан облыс ашылғаннан кейін басшылықтың қолдауымен қосымша 36 штат беріліп, ұжымымызға консерватория бітіріп келген түлектер мен арнайы музыкалык білімі бар жастар қабылданды. Міне, осы соңымыздан ерген жас буынның өнерін ел ішіне тамашалатып, халықтың батасын алып жүрміз. Ұлытауда хандардың ханы Алаша хан, Жошы хан мәңгілікке дамылдап жатыр. Облыста 700-ге тарта тарихи-археологиялық ескерткіштер есепке алынған. Билердің биі Едігенің майлы жұртынан, үш жүздің баласы бас қосқан ұлттың ұясы, елдің киесі Ұлытау өңірінен арнайы келіп отырмыз. Бізді Торғай даласымен көп нәрсе байланыстырады. Торғай даласын тегіннен тегін «Текті Торғай» деп атамаған. Табиғатымызды алып қарасақ, даламыз ұштасып, жеріміз көршілес жатыр. Торғай даласындағы сан салалы Ұлы Жыланшық өзені Ұлытаудан басталып, кешегі Ахаңның туған жері Ақкөлге дейін барады. Осынау өзен-көлдеріміздің арнасы мен тарихи тұлғаларымыздың өмірі бір-бірімен тығыз байланысты. Аманкелді батыр Ұлытау өңіріндегі Балық қарасуында туған болса, халық үшін жасаған ерлігін Торғай даласында көрсеткен. Біздің бар мақсатымыз – халыққа адал қызмет ету. Елдің ішіндегі қарапайым еңбек адамдарының рухын көтеру», – дейді филормония директоры Бағдат Байжантаев.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы