5 июня, 2025
Ұлы ұстаздың мұрасы – келешек ұрпаққа өнеге

Ұлы ұстаздың мұрасы – келешек ұрпаққа өнеге

Облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы мұражайда «Ыбырай және Алаш» атты көрменің ашылуы өтті. Көрме қазақ ағартушылығының бастауында тұрған ұлы тұлғаның өмірі мен мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Көрменің ұйымдастырушысы, Қор бөлімінің меңгерушісі Назгүл Шектібаева өз сөзінде Ыбырай Алтынсариннің мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін жасалған қадамдардың маңыздылығына тоқталды.

«Бұл көрмеде Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметін, оның қазақ балаларына білім беру жолындағы еңбектерін жаңа тұрғыдан көрсетуге тырыстық. Біз тек тарихи деректерді ғана емес, заманауи технологияларды да қолдандық. Келушілер көне жәдігерлермен қатар, 3D форматтағы модельдер мен кеңейтілген сандық (AR) технологиясын пайдаланып, Ыбырай атамыздың өмірін тереңірек зерттей алады. Бұл көрменің басты мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің мұрасының бүгінгі ұрпаққа қажеттілігін түсіндіру және оның педагогикалық еңбектерін заманауи тұрғыдан ұсыну», – дейді музей қызметкері Назгүл Шектібаева.

Ыбырай Алтынсариннің еңбек жолы қазақ халқының мәдениеті мен білімін дамытуда ерекше орын алады. Оның педагогикалық еңбектері, оқулықтары, қазақ мектептерінің білім беру жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды.

«Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметі мен мәдениетке қосқан үлесі бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Көрмеде қойылған экспонаттар оның білім беру жолындағы еңбектерін ғана емес, жалпы қазақ халқының мәдениетін дамытудағы зор рөлін айқындайды. Біз осы көрмеде оның шығармашылығын, тарихи жәдігерлерді көрсетіп, оның өмірінің философиялық аспектілерін ұрпақтарға жеткізуге тырыстық», – дейді музей директоры Марғұлан Оспанов.

Ыбырай Алтынсариннің қолжазбалары, хаттары, оқулықтары мен басқа да жәдігерлер көрмеде ерекше орын алады. Атап айтқанда, оның қолжазбалары мен хаттары арқылы оның рухани әлемін, педагогикалық көзқарастарын, сондай-ақ халыққа қызмет ету жолындағы қажырлы еңбегін түсіну мүмкіндігі бар.

«Бүгінгі көрмеге мен мектептен келдім. Ыбырай Алтынсарин туралы тек кітаптардан ғана естіп жүрген едім, бірақ көрмеде оның өмірі мен еңбегі жайлы көптеген жаңа мәліметтер алдым. Ол кісінің балаларға білім беру туралы айтқан ойлары менің ойымды терең өзгертті. Бұл көрмеде біз тек өткен уақытпен танысып қана қоймай, болашақ үшін үлкен сабақ аламыз», – дейді көрмеге келуші Саян Нағашыбаев.

Көрме – тек өткенді ұмытпай, бүгінгі ұрпаққа берері көп болашақ үшін жасалған қадам. Егер сіз Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен мұрасына қызығушылық танытсаңыз, бұл көрме сіз үшін таптырмас мүмкіндік.

Жанболсын НОҒАЕВ,
ҚӨУ-нің студенті
Суреттерді түсірген – Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ-нің студенті