“Ұлы дала жорығы – бабалар ізімен” атты республикалық аламан бәйге өтті

“Ұлы дала жорығы – бабалар ізімен” атты республикалық аламан бәйге өтті

Елімізде екінші рет “Ұлы дала жорығы – бабалар ізімен” атты республикалық 14 күндік аламан жарыс, марафон-бәйге бастау алған болатын. Оның жалпы қашықтығы 1300 шақырымнан асады. Бұл бастама Науырзым ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Қостанай облысында 100 шақырымдық бәйгеге іріктеу жарысы өтті. Осы аламанға Аманкелді, Б.Майлин, Қамысты, Жанкелдин, Қостанай және Науырзым аудандарынан 22 сәйгүлік қатысты. Алғашқы 50 шақырымдық аламан бәйгеде Аманкелді ауданынан келген Ержан Абдуллиннің жүйрігі бірінші келсе, екінші 50 шақырымдықта Науырзым ауданының “Қалампыр” атты сәйгүлік бірден 100 шақырымдықты бағындырды. Осы 100 шақырымдық аламанға қатысқан 22 сәйгүліктің барлығы бірдей ақтық сынға өте алмады, себебі осы байқаудың өзіңдік ережесі бар. Жарыс жолына шыққан  шабандоздар мәреге бірінші жеткенімен, ветеринарлар аттың қан айналымын тексеріп, екінші айналымға жіберіп жатты. Өйткені жүрек соғысы минутына 64 секундтан түспеуі қажет.  Бәйгенің бір мақсаты – жүйріктерді сынау. Ветеринарлар 50 шақырымнан кейін жүйріктің жайын бақылып, тексеріп, кінәрәт тауып, жарыс жолынан шығарып тастаған кездері болды.

Ұлттық спортты ұлықтаған марафонға қатысушыларды жанкүйерлер ыстық ықыласпен қолдап, қарсы алды. Шабандоздарға Қарамеңді ауылы ат спортының жанкүйерлері қолдау көрсетіп, әрбіріне алғыстарын білдірді. Облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахмановтың айтуынша, бұл бәйге қазақ жылқыларының атағын асқақтата түскен.

–Мұндай іс-шара алғаш рет былтыр өткен. Ол кездегі меже 1200 шақырым еді. Республикалық аламан бәйгеге әр облыстан 10 ат қатысады. Алғашқы бес ат Астанадан Түркістанға дейін 650 шақырым шабады. Яғни, осы бес аттың үшеуі осы шақырымды жақсы өтсе, келесі айналымға өтеді. Себебі бұл – командалық аламан бәйге. Мақсат – өзіміздің дәстүрімізді жалғастырып, ата-бабымыздың ұлы жорық жасаған іздерін, жолдарын болашақ ұрпаққа көрсету. Осы марафонды қасиетті, аруақ қонып, нар шөккен Науырзым елінен бастап отырмыз. Ел ақсалдарының батасын алып, ұлттық спортты ұлықтап, қазақты ат спортына қызықтыруды әрі ұлы даламыздың тұлпарларын дәріптеуді көздейміз. Осы күн тарихта қалады, – деді Нұрбол Әбдірахманов.

Сонымен қатар, облыстық іріктеу марафоны аясында аудандық шабандоздар арасында “Құнан бәйге” және “Тай бәйге” ұйымдастырылды. Жалпы аламан бәйгеге екі қашықтық бойынша отыздан аса шабандоз қатысып, баптаған аттары аламаннан оза шығып жатты. Осы екі қашықтықта дара шапқан Науырзым ауданы, Өлеңді ауылынан келген Ерлан Көлбаевтың жүйріктер 1-орынды қанжығаларына байлады.

– Тай жарысына қатысып 1 орын алдым. Мен үшін үлкен мақтаныш. Аттың үстіндегі шабандозбен аттың байланысы бірдей болу керек. Астымдағы тайым да мықты болды. Мен өзімнің осы додада жеңетініме сенімді едім, – дейді 5 сынып оқушысы, сайыс жеңімпазы Асқар Төленді.

Сондай-ақ, аудандық аламан бәйгеге ауданымыздың жылқышы азаматтары демеушілік жасады. “Құнан бәйгеде” 1 – орын 65 мың, 2- орын 40 мың, 3-орын 25 мың болса, “Тай жарыста” 1-орын 45 мың, 2-орын 25 мың, 3-орын 15 мың болды. Жарыс жеңімпаздарына Науырзым ауданының әкімі Қайрат Әбішев сертификат, грамота мен медаль тағып, марапаттады.

Облыстық іріктеу жарысынан республикалық «Ұлы дала жорығы 1300 шақырым – бабалар ізімен» атты марафон-бәйгесіне Қостанай облысының намысын Науырзым, Аманкелді және Қостанай ауданының қазанаттары мен шабандоздары қорғайтын болады.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Фотоларды ұсынған Жібек МЫРЗАҒАЛИ

Жаңалықтармен бөлісу