Ұлу жылынан не күтеміз?

Ұлу жылынан не күтеміз?

Тағы бір жыл тарих қойнауына сүңгігелі тұр. Дана қазақ «Жылдың жаманы жоқ» дейді. Алайда халқымыздың әр жылға тән сипат беретін әдеті бар. Сонымен, келе жатқан Ұлу жылына қандай жорамал жасауымызға болады?

Шығыс жылнамасына сәйкес, 2024 жылдың иесі – Ұлу. Қоян жылынан кейін, жылан жылынан бұрын келеді. Араға бір мүшел уақыт салып оралғалы отыр. Жаңа ғасырда 2000 және 2012 жылдары төрімізге шыққан еді. Қазақта «Ұлу жылы – үлгілі» деген сөз бар екен. Бұған баламалас «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» дейтін қастерлі ұғым да ежелден-ақ қалыптасқан. Халық даналығында Жаңа жылға байланысты айтылатын ақ баталарда:

«Қоян жылы жұрттан жылу сұратпа,

Ұлу жылы ұл-қызымды жылатпа,

Жылқы жылы жеткізе гөр мұратқа», – деген лебіз арналатынын айтады көнекөздер. «Ұлу жылы көтерілмеген он жылда да көтерілмейді» дейтін де даналық нақыл кездеседі. Осы дәйектерден-ақ алдымызда тосып тұрған жылды жақсылыққа жоруға, оған үкілі үмітпен қарауға негіз бар деуге әбден болатындай. Бұл жылдың ерекшелігі аз емес. Соның бірі – кібісе жылдарымен тура келетінінде. Терең тарихқа көз жіберсек, Ұлу жылы ел үшін мерекелі, жер үшін берекелі болғанын көреміз. Бұл жәндік суда тіршілік ететін болғандықтан, құрғақшылықтың беті ары қарайды, үнсіз, бейбіт өмірді сүйетін болғандықтан, тыныштық ала келеді делінеді. Демек, алдағы жыл ынтымақ пен молшылыққа толы болады деп болжам жасауымызға кедергі жоқ тәрізді.

Түркі жұртының нанымы бойынша, осы жылы ақылды да зерек, ойшыл, еңбекқор адамдар дүниеге келеді. Омар Хайям, Ницще, Максим Горький секілді әйгілілерді мысалға келтіре берсек, түбіне жетпес едік. Осындай тұлғалар қатарында Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Алдағы жылы да ұлтының бағына біткен аяулы перзенттер өмірге келсін деген тілек білдірейік.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір қоғамда мұны «айдаһар жылы» деп шатасатын қауым көбейді. Тіпті сауда нүктелерінде жаңа жыл нышаны ретінде айдаһар бейнеленген тауарларды күн сайын көзіміз шалатын болды. Бұл – батыс және қытай дүниетанымындағы символ. Біз ата-бабамыздың наным-сеніміндегі жолмен шығыс күнтізбесіндегі Ұлуды қаңтардағы және наурыздағы жыл басында «босағадан аттатуымыз» керек. Аузынан жалын шашқан аңыз аждаһасы емес, кәдуілгі кінәсіз тіршілік иесін жаңа жыл нышаны ретінде дәріптеуіміз қажет деп ойлаймын.

Ертеңіне әрдайым үмітпен қараған ұлттың ұрпағы ретінде келешектен игілік пен жақсылық қана күтейік. Ұлу жылы ырыс-құт пен тыныштықтың жылы болғай!

 

Жанайым Балғынбекқызы,

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 1-курс студенті.

Жаңалықтармен бөлісу