Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына орай Арқалық қалалық білім беру ұйымдарының басшылары арасында ұйымдастырылған асық ойындарының біріншілігіне жанкүйерлер көптеп жиналды.
Ұлттық ойынды қайта жандандыру Қазақстан Республикасы Президентінің салауатты өмір салты жөніндегі Үндеуін орындау, асық ойындарын ұстаздар арасында кеңінен насихаттау, спортшылар арасында достық байланыстарды бекітуді көздейді.
Жарыс қорытындысында ерлер арасында ұлттық асық ойынының «Бес табан» ойыны бойынша А. Құнанбаев атындағы мектеп- гимназияның оқу ісі жөніндегі орынбасары Серікбай Ешмғалиев бірінші орынды, қалалық білім бөлімінің басшысы Есламбек Мәметеков екінші орынды, Восточный мектебінің басшысы Ербосын Сүттібаев үшінші орынды иеленді.
Әйелдер арасында «Бес асық» ойынының жеңімпаздары болып, бірінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның басшысы Ақтоты КҚисықова, екінші орынды №10 мектеп директоры Жұмакүл Сауыт, үшінші орынды қосымша білім беру орталығының басшысы Зәуреш Латыповалар танылды.
«Наурыз мерекесіне аясында «Наурыз-ұлыстың ұлы күні» тақырыбында асық ойыны түрлері бойынша сайыс өтті. Сайысқа қала мектептерінің, қосымша білім беру орталықтарының басшылары қатысты. «Бес табан» ойынына басшы ретінде өзім де қатыстым. Ұлттық құндылықты ұлықтауда демеушілік жасаған «Арқалық қаласы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» филиалының төрағасы Алмас Болатұлына, Ы. Алтынсарин атындағы гимназия ұжымына және мектеп басшыларына алғысымды білдіремін», – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Есламбек Мәметеков.
Жеңімпаз ойыншылар салтанатты түрде марапатталып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ Арқалық қаласы