Ұлттық нақыштағы корсет сәнге айналды

Ұлттық нақыштағы корсет сәнге айналды

Соңғы кездері ұлттық нақышпен өрнектелген киімдер сәнге айналып келеді. Былтырғы жылы қаракөз қыздарымыз түрлі салпыншақпен көмкерілген тақия киіп жарысса, биыл ою-өрнегі бар корсеттер қайтадан сәнге оралды.

Корсет –  фигураны келісімді және тартымды етіп көрсетуге арналған бұйым. Оларды түрлі моншақ, оюлармен сәндеп қана қоймай, заманауи үлгідегі киімдермен үйлестіріп кию сәнге айналуда. Қыздарға сән берген заманауи корсетті тігіп жүрген жанның бірі – Қарлығаш Қадешова. Ол өткеннен мұра болып қалған ұлттық нақыштағы киімдердің қайта сұранысқа ие болуына өз септігін тигізіп жүр.

«Әулиекөл ауданының, Федосеев ауылында туып өстім. Тұрмыстамын. Бір баланың анасымын. Мамандығым ет, сут технологы. Кішкентай кезімнен әжемнің жанында жүріп тігін тігудің әдіс-тәсілін көріп өстім. Анам да тігін тігеді. 2018 жылдан бері қызығушылығым артып, осы істі қолға ала бастадым. Әр түрлі заттар тіге беремін. Бесік жасауы, құрақ-көрпелер, дорба-қоржындар, аяғы ауыр келіншектерге арналған жастық. Биыл этно стильдегі корсеттерді тігуді бастадым. Қыз-келіншектер мен оқушы, студент қыздардың бұл затқа қызығушылығы өте жоғары. Сұраныс та арта түсті. Қолымнан келгенше тапсырыс берушілердің көңілінен шығатындай етіп өздері қалаған түсте тігіп беріп жатырмын. Сапасы да жақсы, бағасы қолжетімді», – дейді шебер.

Кейіпкеріміз алдағы уақытта мемлекеттен қайтарымсыз грант алса, өзінің тігін шеберханасын ашқысы келеді.

Жаңалықтармен бөлісу