Ұлттық бірлік пен жасампаздық мерекесі

Ұлттық бірлік пен жасампаздық мерекесі

Республика күні — Қазақстан Республикасының ұлттық мерекелерінің бірі, еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын, мемлекеттілігіміздің негізін қалаған маңызды тарихи күн. Бұл мереке 25 қазан күні атап өтіледі және еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін жариялаған күн ретінде ерекше маңызға ие.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады. Бұл құжат Қазақ елінің егемендігін жариялап, болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының құқықтық негізін қалады. Декларацияда қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығы, ұлттық мүдделерін қорғау мен дамыту, және тәуелсіз саясат жүргізу мүмкіндіктері көрсетілген.

Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы Қазақстанның Тәуелсіздік Декларациясына және 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялауына негіз болды. Бұл маңызды құжаттар Қазақстанның халықаралық аренадағы толыққанды мемлекет ретінде танылуына, ұлттық валютамыздың енгізілуіне, мемлекеттік рәміздеріміздің бекітілуіне, және еліміздің дербес ішкі және сыртқы саясатты жүргізуіне жол ашты.

Тәуелсіздік туы тігіліп, аңсаған арманымызға жеткен, егемендіктің таңы арайлап атқан қазақ халқының қастерлі сәті күні кешегідей ұлттық ұланның қалыптасу тарихында сол заман жауынгерлерінің жадынан еш өшкен емес. Себебі ұландық ардагерлер күні бүгінге дейін ұрпақ жалғастығы үшін, бір жанұядай ұйысқан, өзіндік  даму тарихы бар Қазақстанның әскери парақтарын, осынау мерекелі күннің мән-маңызын айшықтап отыру үшін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. Тарих біздің өткеніміз. Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұланның тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә.  Біздің қолымызда, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау мен нығайтудың жоғары мақсаты тұр.

Ұлттық бірлік пен мемлекетіміздің даму жолындағы жетістіктерін атап, Қазақстанның барлық азаматтары өз елін мақтан тұтып, мемлекеттің тәуелсіздігі мен еркіндігіне құрметпен қарайтын- бұл күн жастардың еркіндігі мен көп ұлтты мемлекетіміздің бірлігі үшін қастерлі күн болып тойлануы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен, 2022 жылдан бастап Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртылды. Бұл қадам – еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы маңызды символдық мәнге ие болды. Ал, ел үшін жан алысып, жан беріскен ерлердің арқасында ұлан-ғайыржерге ие болған ұлттық ұлан жауынгерлері, Отаны мен туған еліне қызмет етуді өзіне абырой санап әр әскери қызметшілеріміз өздерінің үлгілі тәртібімен, асқан шеберлігін көрсетіп, қырағылықпен жұмыс атқарып жүргенін ауыз толтырып айта аламыз.

Барлық елдің есінде биылғы көктем жойқындығымен елді елең еткізді. Сол сын сағатта Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен сарбаздар су тасқыны болған аудандарда тәулік бойы жұмыс істеп, жергілікті халықты табиғи апат аймақтарынан көшіріп, эвакуациялау кезінде көмек көрсетті. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» деген аталы сөз бар. Ел басына күн туғанда ерлеріміз ерліктерін көрсетіп, қарапайым жұрттың батасына бөленсе, мемлекет тарапынан біршамасы марапаттар мен медаль иегерлері болғаны да тарих беттерінің бір парағы болып қалып жатыр.

Қорыта келе, Республика күні — Қазақстанның тәуелсіздігіне алғашқы қадам жасаған тарихи оқиғаны еске алу күні ғана емес, болашаққа сеніммен қарауға, ел дамуы жолында бірлікті нығайтуға арналған мереке. Қазақстан халқы өркендеп, амандықта және жаңа жетістіктерге жете берсін.

Алмат АСЫЛБЕКОВ,
6697 әскери бөлім командирінің
орынбасары-штаб бастығы,
подполковик

Жаңалықтармен бөлісу