Ұлт сапасын арттыру – ұлы міндет

Ұлт сапасын арттыру – ұлы міндет

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын алғаш рет көзбе-көз отырып тыңдадым. Бұл сәтті де өмір дәптерімнің әдемі бүктелген бір парағы дер едім…

Жолдауда бүгінгі қоғамдағы көп мәселе және олардың шешімі анық айтылды. Солардың ішінде көңілге түйгенімді бөлісе кетейін.

Ісіне адал, нағыз кәсіби мамандар қатары толыққанда, замана көшіне ілесе алатын ұрпақ қалыптасқанда және жаппай қоғамдық тәртіпке, экомәдениетке әрқайсымыз мән беретін деңгейге жеткенде ұлттың сапасы артады. Жолдауда Президент ұлттың сапасын арттыратын үрдістер деп осы бағыттарды меңзеді. 2025 жылы жұмысшы мамандықтарына айрықша көңіл бөлінетін болды. Мемлекет басшысы өзі айтқандай, «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» ұғымдарын әр азаматтың санасына сіңіре білуіміз қажет. Жұмысың сапалы істелсе – мемлекеттің дамуына қосқан үлесің. Біздің қоғамда үндемей жүріп-ақ жұмысын адал атқарып жүрген азаматтар баршылық. Оларды жұрт білуі керек. Еңбек адамдарын үлгі ету өте маңызды.

Мұғалімдерге, олардың біліктілігіне қатысты сын аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан Президент педагогикалық оқу орындарына қабілетті жастарды қабылдауды міндеттеп отыр. Иә, бұл салаға да ісіне адал қарайтын мамандар қажет.

Замана көшіне ілесу үшін ақпараттық технология жетістіктерін де ескере жүргеніміз абзал. Қазір «жасанды интеллект» ұғымы кең таралып келеді. Ендеше, мемлекет жүйесінің барлық саласы, оның ішінде өзім қызмет ететін БАҚ саласы да осыған бейімделуі керек. Кибертехнология мамандықтары болашақта көп сұранысқа ие болады. Тіпті мұндай мамандар мемлекеттің қауіпсіздігіне де қызмет ете алады.

Қоғамды алаңдатқан мәселенің бірі – несиеге белшеден батқандардың көбеюі. Банктердің талабын қайта қарайтын уақыт жетті. Жолдауда несиеге қатысты арнайы заң қабылданатыны айтылды. Бұл өте маңызды қадам. Осылайша біз елдегі қаржыны игеру, жұмсау мәдениетін де жетілдіріп аламыз деп сенемін.

Кейінгі кезде әскерде болып жатқан жағдайлар да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы «сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне алдымен армия басшылығы жауапты» екенін айтты. Яғни, осындай оқиғалар қайталанатын болса, құқық қорғау органдары қатаң түрде тексеру жүргізеді, кінәлілер тиісті жазасын алады.

Үздіксіз реформа не үшін қажет? Әрине, жасалып жатқан өзгерістерге қатысты осындай сұрақтың туындауы да заңды. Ол бір реттік науқан болса, оны жұрт көзбояушылық, белгілі бір топты алдарқату деп қабылдар еді. Ал біздегі саяси реформа жүйені түбегейлі жандандыруға, жаңа бағытқа бет алу үшін істеліп жатқан іргелі жұмыс.

Ұлттың сапасын арттыруда артқа емес, алға қарауымыз керек. Кейбір шешімдерді өткенмен өлшемеу шарт. Жолдаудың негізгі мағынасынан осыны ұқтым.

Мемлекетті гүлдендіру, дамыту – әрқайсымызға ортақ міндет. Осы міндетті адал атқаруға ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бар күш-жігерін аянбай салуға әзір екенін де айтып өтті. Ендеше, ортақ істен қалыс қалу бізге сын. Елімізді бірге гүлдендірейік.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,

«Қостанай таңы» газеті редакциясы» ЖШС

директор-бас редакторы

Жаңалықтармен бөлісу