Қасиетті Қызбел топырағынан шыққан жастар тағы бір жарқын жетістікке қол жеткізді. Торғай өңірінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған күніне орай жастар арасында ұйымдастырылған волейбол жарысы өз мәресіне жетті.
Аталған додаға Қызбел ауылының намысын қорғаған жастар тыңғылықты дайындықпен барып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Команда құрамында Аслан , Райымбек, Назымбек Ізбасты және өзге де жерлестеріміз бірлесе ойнап, тартысты кездесулерде өз шеберліктерін дәлелдей білді.
Нәтижесінде, құрама команда жүлделі II орынға ие болып, ел мерейін үстем етті.
Жарыс барысында ерекше атап өтер жайт – Назымбек Ізбастының қайсарлығы мен ерік-жігері. Ол иығы шығып кетсе де, ел намысы үшін басын тәуекелге тігіп, ойыннан бас тартпады.
«Мен волейболмен мектеп жасынан айналысып келемін. Алғашқы жаттықтырушым – Руслан Қасымов. Туған жерім үшін қай жерде жарыс болса да, әрқашан дайынмын. Ауыл әкімшілігіне алғыс айтамын, бізді қолдап, Қостанайдан арнайы шақыртып, мүмкіндік жасап жатқандарыңызға рахмет. Ең бастысы – мінез. Мінез болмаса, қанша мықты болсаң да, әлсіз командадан ұтылып қалуың мүмкін. Кешегі ойында мен ауылым Қызбел үшін барымды салдым. Менің орнымда ауыстыратын ойыншы болмады. Ойын барысында иығым шығып кетті. Бірақ соған қарамастан, қайта ойынға қосылдым. Себебі мен ауыл намысын қолдан бермеуіміз керек болды», – дейді ол туралы Назымбек Ізбасты.
Команда жетістігінің артында үлкен еңбек пен ұстаздардың тәлімі жатыр. Алғашқы бапкері – Наурызбек Оразбаев , бағыт-бағдар берген ұстазы – Руслан Қасымов.
«Он жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп келемін. Ізбасты Аслан, Райымбек, Назымбек сынды оқушыларды 6-7 сыныптан бастап дайындадым. Бүгінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттерім көп. Алдағы уақытта да олар тек биіктерді бағындыра береді деп сенемін», – дейді бағыт-бағдар беруші ұстаз Руслан Қасымов.

Бұл жетістік – тек спорттағы жеңіс емес, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің, намыс пен қайсарлықтың жарқын көрінісі.
Гүлсана АМАНЖОЛОВА,
оқырман
Жангелдин ауданы
