Қостанай қаласында “Үздік дене шынықтыру мұғалімі – 2023” республикалық байқауының облыстық кезеңінің финалы ұйымдастырылды.
Аталмыш байқау дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілік деңгейін, олардың эрудициясын, дене шынықтыру және спорт саласындағы құзыреттілігін үнемі арттыруға арналған. Байқау Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицейі мен №28 мектеп-гимназиясында өткізілді. Үміткерлер үздік мұғалім атағы үшін бақ сынап, өзара сынға түсті. Әртүрлі кезеңде тиісті тапсырмалар орындалды. Сайысты қызықты әрі өзгеше форматта өткізу үшін оларға ерекше тапсырмалар жүктелді. Соның бірі қатысушылар бейтаныс сыныптарда ашық сабақтар өткізіп, жаңа ортада өздерінің қарым-қабілетін байқатты. Сайыс соңында дене шынықтыру мұғалімдері қала мектептерінде сабақ үлгілерін көрсетіп, тәжірибесі алмасты. Аға буын өкілдері жас мамандарға сапалы білім беру жолында қолданып жүиген тың тақырыптарын таныстырып, жас буыннан жаңашыл шәкірт тәрбиелеу бағытын айшықтады.
Байқаудың қорытындысында номинацияларға Қостанайдағы №17 орта мектептің мұғалімі Арман Сабыржанұлы мен Арқалық қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Ерболат Абайұлы ие болды.
Үшінші орынды Рудный қаласынан келген Дарья Андреева иеленді. Екінші орынды қостанайлық мұғалім Виталий Боков алса, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрбол Әбдіғалиев жеңімпаз атанды.
Жеңімпаз бен жүлделі орын иегерлеріне Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының грамоталары, бағалы сыйлықтар табысталды.
Б. МЕЙРАМҰЛЫ.