ҮЗДІК ПАЛУАНДАР МЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

ҮЗДІК ПАЛУАНДАР МЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қостанайда қазақ күресінен облыстық «Жас барыс» турнирі өтіп жатыр. Жарысқа өңірдің барлық ауданы мен қаласынавн 2007-2012 жылдары туған екі жүзден астам палуан келді.

Айта кету керек, бұл турнир соңғы жылдары тұрақты түрде өтіп жүр. Жарыстың бас төрешісі Мереке Рыздықовтың айтуынша, бұл республикалық жарысқа іріктеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Яғни, облыстық жарыстың жеңімпазы атанған палуандар ел біріншілігінде өңір намысын қорғамақ.

– Бұл жерде палуандар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінген. Турнир екі күнге ұласады. Бозкілем үстіндегі бәсекеге облыстың түкпір-түкпірінен 230-дай спортшы жиналды. Олардың арасында болашағынан мол үміт күттіретін жақсы палуандарымыз бар. Кемінде әр салмақтан төрт-бес мықты шығады. Бізде, Қостанай ауданында Ұлттық спорт мектебі ашылған. Кейінгіә кезде сол мектептің түлектері көзге түсіп жүр. Мәселен, Сұлтан Төлепов Қазақстан чемпионатында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Ерлан Айдос деген бауырымыз бар, ол чемпионаттың «күміс» жүлдегері атанды. Лисаков, Рудный, Арқалық қалаларында жап-жақсы өнер көрсетіп жүрген қыздарымыз бар. Жанкелдин ауданының палуандары бір төбе. Қысқасы, облыс намысын жыртатын мықты жеткіншектер өсіп келеді. Осы турнирден соң облыс құрамасы жасақталып, олар ел чемпионатына барады. Егер ол жақта жеңсе, Қазақстан құрамасының сапына ілігеді, – дейді қазақ күресінен спорт шебері, Ұлттық дәрежедегі төреші, жарыстың бас қазысы Мереке Рыздықов.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары, «Тобыл-Торғай Тарландары» қазақ күресі федерациясының президенті Ринат Мұқаметқали сөз алып, жарысқа қатысушыларды құттықтады.

– Біздің өңірде Ұлттық спорт түрлеріне айрықша назар аударылған. Оның ішінде қазақ күресі соңғы кезде қарқынды дамып келеді. Өздеріңіз білесіздер, облыс әкімі Құмар Іргебайұлының қолдауымен биыл қазақ күресін өрістетуге 50 млн теңге бөлінді. Бұл үлкен көмек. Соның арқасында біз көп шаруа тыңдырып үлгірдік. Материалдық-техникалық базаны нығайттық. Алда әлі атқарар шаруа көп. Келесі жылы да бірқатар шаруаны қолға алмақпыз. Қысқасы, осындай ауызбірліктің нәтижесінде біз талай белесті бағндырамыз, – деді Ринат Зәкиұлы.

Федерация президенті облыста қазақ күресін дамуытуға үлкен үлес қосып жүрген бір топ спортшыны марапаттады. Олардың ішінде ҚР жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, Азия Кубогында өнер көрсетіп жүрген палуандар бар.

Атап айтқанда, Қазақ күресінен жасөспірімдер және қыз балалар арасындағы ел чемпионатында жүлделі ІІІ-орын алған Сұлтан Төлепов, Дина Киюбаева, Тоқтар Назым, ІІ-орынға ие болған Айару Тілеубаева, Айдос Ерлан, Қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия Кубогының «күміс» жүлдегері Әлішер Мұханбетжанов, Жасұлан Бекболат, 2004-2005 жыфлғы жастар арасындағы ҚР Чемпионатында жүлделі І-орынға ие болған Жәнібек Жұмағазин, 23-жасқа дейінгі жастар арасындғы ҚР Чемпионатында жүлделі салмақ дәрежесінде ІІІ-орынға және «Түйе палуан» арасында жүлделі І-орынды жеңіп алған Нұрсұлтан Қабылан, 23-жасқа дейінгі жастар арасында жүлделі І-орын, ересектер арасындағы ел чемпионатында жеңімпаз атанған Архат Баймұрзин марапатталады.

Осындай өңір мақтанышына айналған палуандарды дайындап, шеберліктерін шыңдаған Азамат Ерәділов, Сайлау Рыздықов, Берденбек Қайрат, Талғат Кеңесов тәрізді жаттықтырушылардың да мерейі үстем болды. Сондай-ақ, қазақ күресінің әділ де тартымды өтуіне себепкер болып жүрген төрешілер Мереке Рыздықов, Жеңіс Әбіоев, Абыл Ахметбековтердің де аттары қошаметпен аталып, оларға да тарту-таралғы жасалды.

Салтанатты іс-шара үстінде облыста қазақ күресін дамытуға сүбелоі қосқан ардагер-спортшыларда ескерусіз қалған жоқ. КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбегін сіңірген жаттықтырушы, облыстың Құрметті азаматы Олжабай Сарсенбаев, КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбегін сіңірген жаттықтырушы, облыстың Құрметті азаматы Бейсен Әубәкіров, Торғай жерінде талай даңқты палуандардың шығуына себепкер болған, білікті маман иесі Әділбек Молдағасымов, қазақ және самбо күресінен ҚР спорт шебері, облыста қазақ күресінің дауына үлкен үлес қосқан Жұмақан Қасымханов та сый-сияпатқа кенелді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қостанайда қазақ күресінің мектебі ашылған еді. Клуб директоры Серік Дәрменбаев жас спортшыларға үлкен қолдау көрсеткені үшін «Тобыл-Торғай Тарландары қазақ күресі федерациясының президенті Ринат Мұқамедқалиға алғыс айтып, арқасына шапан жапты.

«Жас барыс» турнирі ертең мәреге жетеді. Жарыс нәтижесі туралы толығрақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

 

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу