Үздік отбасылар марапатталды

Үздік отбасылар марапатталды

Арқалықта «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарына сый-құрмет көрсетілді.

Салтанатты шақта қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов пен қалалық «Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Қалтаева құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеген жанұяларға алғыстарын білдірді.

Байқау нәтижелеріне тоқталар болсақ, «Өнегелі отбасы» номинациясына Ашутасты ауылынан Катешовтер отбасы, «Өнерлі отбасы» номинациясына Таласовтар отбасы ие болды.

Жүлделі үшінші орынды Тоқсанбековтер отбасы, екінші орынды Қалиевтар отбасы қанжығаларына байлап, ал байқаудың мәртебелі бірінші орнын Байтұрсыновтар отбасы жеңіп алды.

Айта кету керек, сайысқа қатысқан жүлдегерлердің барлығы да көпбалалы отбасы санатына жатады.

 «Отбасы – ұрпақ өсіретін киелі ұя. Болашақ әке мен ана отбасында қалыптасады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – азаматтық табысты болашақтың кепілі. Отбасы құндылықтарын сақтап, берекесі мен бірлігін арттырып отырған ынтымағы жарасқан жанұяларда табыс та, жеңіс те, жетістік те көп болады.  Жастарға айтарым, дер кезінде отбасын құру керек. Отбасы болмай адам бақытты бола алмайды. Сондықтан, лайым ел – жұртымыз аман болып, әр отбасында махаббаттың жылуы, жылылығы, сыйластық, сүйіспеншілік, қуаныш пен қызық сақтала берсін», – дейді ұстаздардың ұстазы, көнекөз қария, абыз ана Бақытжамал Аяғанқызы.

Қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасыларды қолдау, еселі еңбегімен танылып жүрген отбасыларды халыққа насихаттауды көздеген тағылымды іс – шараны қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша “Жастар-Азаматтық бастамалар орталығы” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

 Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу