Қостанайдағы 54 бөбекжайы білім беру ұйымдарының қызметін рейтингтік бағалау қорытындысы бойынша 2022-2023 оқу жылы 1 орынды иеленіп, 1 млн теңгелік сертификат ұтып алды.
Бұл қаражат әртүрлі жастағы балаларға арналған конструкторлар жиынтығын жабдықтауға жұмсалатын болады.
Бүгінде бөбекжайда он екі топ бар. 70 бала мелекеттік тілде білім алады. Сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған екі мамандандырылған топ жұмыс істейді. Ғимаратқа толықтай бейнебақылау камерасы орнатылған. Мекеме басшысы Айгүл Тусованың айтуынша, осы жылы тағы бір қазақ тобын ашу жоспарланып отыр. Айгүл Аманжолқызы еңбек жолын алғаш мұғалімдік қызметтен бастағанын айтады.
«Осы балабақшада екінші жыл жұмыс істеп жатырмын. Мемлекеттік тілде оқитын балалардың санын арттыру бойынша «Тілдер туралы» ҚР Заңын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік тілде оқытылатын тағы бір топ ашылды. Бөбекжайда балалардың толыққанды және жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Барлық топ балалардың жан-жақты дамуына арналған дидактикалық құралдармен жабдықталған», – дейді мемкеме басшысы.
Бөбекжайда ұйымшыл, еңбекке қабілетті шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Мұндағы өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін тәрбиешілердің бірі – Айгүл Нұрышева. Ол ортаңғы «Құлпынай» тобының тәрбиешісі.
«Тәрбиеші мамандығы бойынша дипломым бар. Бұған дейін Алтынсарин ауылындағы шағын орталықта 15 жыл тәрбиеші болдым. Былтыр қалаға көшіп, осында жұмысқа орналастым. Ұжымға бірден сіңісіп кеттім. Ортаңғы топқа 25 бала келеді. Оның 8-і орыс бала. Олардың қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы зор. Өлеңді де, таппақты да бірден жаттап алады. Іс шараларға да қалмай қатысып отырады. Ата-аналары да қазақ тілін үйренсе деген ниетпен бергендерін әрдайым айтып отырады», – дейді тәрбиеші Айгүл Нұрышева.
Құлпынай тобындағы ата – ана – Нұргүл Башпанованың төрт балалы ана.
«Барлық балаларымды осы балабақшаға бердім. Қазір үлкенім 21 жаста. Екінші балам 18-де. Үшінші балам 9 жасар. Кенже қызым «Құлпынай» тобына барады, 3 жаста. Екінші жыл келіп жүрміз. Барлығы да кішкетай топтан бастап даярлық тобына дейін келді. Қызым таңертең тұра салып, балабақшаға келгенше асығады. Тәрбиешілердің арқасында балам ширақ қимылдап, жүгіріп-ойнап, сөйлей бастады», – дейді Н.Башпанова.
Мекеме басшылары ауысқан сайын балабақша гүлденіп келеді. Айгүл Аманжолқызының бұл қызметке келгеніне көп болмаса да қазақ топтарын ашып, барын салып жатыр. «Ботақан» тобындағы ата-анасы, 3 баласы бар Айгүл Мырзағалиева да қазақ топтарының саны көбейіп келе жатқанына қуанышты.
«Үш жасар ұлым «Ботақан» тобына барады. Келіп жүргеніне бір жылдан асты. Оған қатты ұнайды. Таңертең тұра сала балабақшаға асығады. Балабақшаға бергелі көңілді жүретін болды. Балалармен тез үйренісіп кетті. Режимге де үйренді. Шыны керек, қазір телефоннан да, теледидардан да орысша мультфильм қарайды. Балабақшаға соның ішінде қазақ тобына бергелі шамалы болса да қазақша сөйлеп үйреніп келеді. Қазақ топтары көбейе берсін», – дейді ол.
Екі ата-ана да балаларын қазақ мектебіне беретіндерін айтады.
Бөбекжайда балалардың дұрыс тамақтануына барлық жағдай жасалған. Асханада 4 адам жұмыс істейді. 2 аспазшы, қоймашы және ыдыс жуушысы бар. Барлық санитарлық талаптар толық сақталған. Елена Шанина балабақшада аспазшы болып 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
«Бала денсаулығының маңызды факторларының бірі – ұтымды тамақтануды ұйымдастыру және оны білім беру үдерісінде көрсету. Бөбекжайда 5 рет тамақтану ұйымдастырылған. Әртүрлі тағамдармен жасалған он күндік перспективалық мәзір бар. Тамақтануды ұйымдастыру үнемі әкімшіліктің бақылауында. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тегін тамақпен қамтамасыз етілген», – дейді ол.
Бөбекжай медбикесі Лариса Панкратованың айтуынша, балалардың толыққанды және жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Балалардың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды, сондай-ақ жан-жақты білім беру үдерісін қамтамасыз ететін пәндік-кеңістіктік даму ортасы құрылған.
Бүгінде бөбекжайға 38 жыл. Ол ұзақ та лайықты қалыптасу кезеңінде шығармашылық ізденістер мен табыстар, материалдық–техникалық базаны жақсарту жолынан өтті. Көп нәрсе өзгерді, бірақ қызметкерлердің өз қамқорлығындағыларға деген жақсы көзқарасы өзгеріссіз қала бермек. Оқу-материалдық база Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының және мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің үлгілік оқу бағдарламасының талаптарын орындауға және ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген – Бейбіт Мейрамұлы