Сонау отыз жетінің ойранында қанды қасаптың ордасы болған ескі үйлер Қостанай төңірегінде жиі ұшырасады.
Көзіне қан толған жендеттердің нысанасына айналған жүздеген тағдырдың ақырғы демі осы жерде үзілді. Сол бір сүреңсіз оқиғаға көз суарған көне ғимараттар тарихтың өшпестей етіп салған таңбасындай әлі де міз бақпай тұр. Нақақтан-нақақ ұсталып, азапты күндерді басынан кешірген жандар әйгілі “үштіктің” үйшігі болған тар қапаста тергеушілердің аяусыз тепкісіне түсті. Азапталды, атылды. Олардың арасында қазақтың маңдайалды, оқыған-тоқығаны бар азаматтары көп еді. Әулиекөл кентіндегі мына екіқабатты көне үйдің ат қорасында талай жанның қаны төгілді.
Астыңғы қабаты кірпіштен қаланып, үстіңгі жағы ағашпен өрілген үй кезінде НКВД аудандық басқармасының кеңсесі болған көрінеді. Жертөлесіне тұтқындарды қамаған. Мұны бізге белгілі қоғам қайраткері Өмірзақ Ихтиляпов айтып берді. Бұл үйдің тарихын ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары анасы – Сақыштан естіген еді.
“… Мынау сенің әкеңді қамаған НКВД-ның түрмесі. Түбі бір тауып аларсың”, – деп анасы марқұм көрсеткен. Жасырақ кезі ғой. «Содан бері нешеме жыл өтті. Шаруабасты адам да уақыт бола бере ме? Кейде есіңнен шығып кетеді. Осы жуырда Әулиекөлге соққанымда, әлгі үйді іздеп тауып алдым. Сол күйі тұр. Бос. Біреу сатып алған, нәті. Ешкім қиратып, бүлдірмесі үшін күзетші қойған»,– дейді Өмірзақ Бекділдәұлы.
Айтуынша, 1937 жылы 21 желтоқсанда «Отанына опасыздық жасады» деген желеумен жиырма үш адамды тұтқындапты. Олардың дені көзі ашық, сауатты жігіттер еді. Көбі сол кезде ауылдық кеңестің төрағасы, зоотехник, бригадир, есепші болып жұмыс істеген. Соның ішінде Өмірзақ ағамыздың әкесі – Бекділдә да бар. Семиозер ауданындағы мемлекеттік банктің инспекторы қызметінде жүрген жиырма үш жасар Бекділдәға “антикеңестік ұлттық ұйымның мүшесі ретінде жұмыс орнында зиянды әрекеттер жасады” деген «айып» тағылған.
“Шаш ал десе, бас алған” үштіктің үкімімен сол жиырма үш адамның бесеуі – Имаш Салыков, Молдатай Куйкин, Алданыш Мухамбетов, Рустем Машаков, Жумур Исмурзиндер 28-желтоқсанда, түнде НКВД-ның атқорасында атылған. «Марқұмдардың денесін кейін қайда апарып көмгені бір құдайға ғана аян»,–деп еске алады Өмірзақ аға.
Олардың бір аптаның ішінде көрмеген қорлығы жоқ. Ас-сусыз, күндіз-түні ұйқы көрмеген адамға цементтелген полдың үстінде екі сағат тапжылмай тұрудың өзі есінен тануға жетіп жатыр. Әбден жаны қиналған адамға кез келген айыпты мойындап, қол қоюдан басқа амал жоқ еді. Тірі қалғандары 10 жылға сотталып, Ресейге, еңбекпен түзету лагеріне жіберілді.
–Әкем түрмеге кетерінде милицияда таныстары болды ма, кім білсін, біреу арқылы шешеме «ізден!» деген тілдей қағаз тастап кетіпті. Анам сол жылдары Мирзоянның атына хат та жазған. Ойы – тұтқындарды қайда жібергенін білу ғой. Ол кезде ауылдық жерде жұрт ру-руымен топтасып тұрады. Содан ағайын-туыс жиналып, киім-кешегін, азық-түлігін қамдап шешемді алыс сапарға шығарып салады. Орысша шамалы біледі. Қазақы тәрбие алған кісілер ғой. Әйтеуір, сонау ит арқасы қияндағы Ирбитке жеткенше қанша бейнет шегеді. Оған төзу оңай емес. Анам сонда небары 21 жаста ғана екен,–дейді Өмірзақ аға.
…Бекділдәні болыстың немересі деп көптен бері сырттай бақылап жүргендер үстінен талай арыз жазған. Ақыры, «үштіктің» назарына іліккен ол тұтқындалып тынды. Бірде жауап алу барысында оны үстінен арыз жазған адаммен беттестірген. Көпе-көрнеу жала жапқанын естіген Бекділдә шыдай алмай НКВД тергеушісіне: “Ақсақал, мен оны бірінші рет көріп тұрмын!” деп дауыс көтеруге мәжбүр болады. Сонда тергеуші: “Бұл жерде сен емес, менің айғайлауым керек!” деп өктем үн қатқан. Тағдырдың септескені шығар, сол жолы ол ату жазасынан аман қалды. Ал, оны көрсеткен адам атылған бес адамның біреуі. НКВД жертөлесінде әбден қорланып, азап шеккендер “үштіктің” үкімімен Свердлов облысының Ирбит қаласына айдалып кете барды. Сол жылдары бір ғана Ирбит қаласының өзінде он сегіз еңбекпен түзету лагері болыпты. Тұтқындар онда орман ағаштарын кесуге жегілген.
Бекділдә көзі ашық, көкірегі ояу кісі-тін. Отызыншы жылы бес класты оқып, тауысқан. Бірбеткей мінезді, жастайынан жұмысқа орналасып, отбасын асыраған. Тұтқындалғанға дейін мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде бухгалтер қызметін атқарыпты. Әттең, «жаптым жала, жақтым күйенің» құрбаны болды. Тағдырдың теперішін көрсе де ол мемлекетке адалдық танытты. Кеңес үкіметінің конституциясы мен заңына арқа сүйеді. Осылайша, әділеттілік салтанат құрды.
Еңбекпен түзету лагерінде жүргенде ол КСРО Бас прокуратурасына өзінің жазықсыз жапа шеккенін дәлелдеп хат жазады. Бұл туралы Ө.Ихтиляповтың «Шолақсай, Тарихтың құпиялары мен ақиқаты» деп аталатын кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Сол кітаптағы мына үзіндіні келтіре кетейік: «21 желтоқсанда мені қамауға алды. Қарумен қорқытып, қинады. Бір тамшы су бермеді. Бес күн бойы көз іліктірмедім. Ақыры қолыммен істемегенді еріксіз мойындауға тура келді» деп жазған. Ол хатты сталиндік конституция мен кеңестің әділ заңы негізінде ісін қайта қарау туралы өтінішімен аяқтайды.
Бұл хаттың діттеген жеріне қалай жеткені бізге беймәлім. Бірақ, сол кездің өзінде, басына іс түскен жанға қол ұшын бергендер де болған. Мұндай кісілер нақаққа ұшыраған азаматтарды азаптан құтқаруға септігі тигенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Әйтпесе, қиын-қыстау заманда кеңестік заңға сеніп, әрі өз күшімен ақталып шыққандар некен-саяқ. Бекділдәнің жазған хаты Мәскеуге жетіп, одан істі қайта қарау үшін Қостанайға жіберілген. Ал істің өрескелдігі соншалық Қостанай облыстық прокуратурасының араласуына тура келеді. «Аққа құдай жақ» деген, көп ұзамай құрамында қылмыстың болмауына байланысты Бекділдә Ихтиляповты түрмеден босатады. 1939 жылы Сақыш күйеуін іздеп, тағы барған. Бұл екінші рет баруы. Соңғысында екеуі бірге келді. Бекділда бостандыққа шыққасын баяғы қызмет орнынан қайта оралды.
–1941 жылы әкемді соғысқа алған жоқ. Бірақ, ол мемлекетке адал қызмет етті. Ташкенттегі жаяу әскер – пулеметшілер училищесін бітірген соң, соғыс аяқталғанша Өзбекстан мен Ауғанстан шекарасындағы Термез қаласында әскери борышын өтеді. Соғыстан кейінгі жылдары әкем елге оралып, еңбек етті. Үй салды, ұрпақ тәрбиеледі. Мектепте оқытты. Бірақ, денсаулығы сыр берді. Ол 1965 жылы небары 49 жасында өмірден озды. Ол кезде мен 9 класта оқимын,-дейді Өмірзақ Бекділдаұлы. – Әкем кеңес үкіметіне берілген адам еді. Ол билікке ешбір реніш артқан жоқ. Қайта қиын-қыстау кезде әділеттілікке жету жолында өзіне жәрдемдескен азаматтарға шексіз ризашылығын айтып отырады екен.
Анасының айтуымен мен кейін көп ізденуге тура келеді. Мына құжаттарды 2007 жылы ҰҚК Қостанай бөлімшесінен алған. Сол кездегі облыстық «Қостанай таңы» газетінің Бас редакторы арқылы: «Мен Б.Ихтиляповтың баласымын. Әкемнің соттылығы жөніндегі іс материалдары керек еді» деген сыңайда хат жазып жіберіпті. Көп ұзамай «келсін» деген жауап келді. Бас редактор жанына белгілі журналист Ермекбай Хасеновті ертіп жібереді. Барған. Архив қызметкерлері қаптаған сөренің арасынан қалың папканы алып көрсетіпті. Әлгінің ішінен тұтқындалған жиырма үш адамның дерегі, әкесінің арызы, «куәгерлердің» берген жауабы – түгел шықты.
–«Құдайдың көзі түзу болсын!» дегенді шешем жиі айтатын. Шүкір, артында біз барда, оның ғұмыры жалғаса береді,–дейді Өмірзақ аға.
Бір өкініштісі, соңында іздеушісі жоқ қаншама адам із-түзсіз кетті. Мүмкін бірінің болмаса, бірінің ұрпақтары бар шығар деген ниетпен ол ҰҚК берген тізімді жариялауымызды өтінді.
«Мүмкін «Қостанай таңын» оқитындардың көзі шалар. Отыз жетіде жапа шеккен марқұмдардың ұрпақтары көрсе, сол сауаптың үлкені»,–дейді қоғам қайраткері.
2006 жылғы 1 қазандағы мұрағаттық анықтама
ҚР ҰҚК Қостанай облысындағы департаментінде сақталған мұрағаттық қылмыстық іс материалдары бойынша 1914 жылы туған, Қазақ, Қостанай облысы, Семиозер ауданы, №1 ауылдың тумасы Бекділда Ихтиляповтың ісі туралы. Ол қамауға алынғанға дейін Семиозер кентінде тұрып, мемлекеттік Банктің аудандық бөлімшесінің инспекторы болып жұмыс істеген. 1937 жылы 21 желтоқсанда НКВД аудандық бөлімшесі «Кеңес үкіметіне қарсы ұлттық ұйымның мүшесі ретінде жұмыс орнында зиянды әрекет жасады» деген айыппен қамауға алынды. Қостанай облысы бойынша ІІД үштігінің 1937 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен 10 жылға сотталды. Жазасын Свердлов облысы Ирбит қ. КСРО НКВД Солтүстік Орал еңбекпен түзеу лагерінде өтеген. 1939 жылы 11 мамырда Б. Ихтиляповтың шағымы бойынша Қостанай облысының прокуратурасы ІІО бастығына іс бойынша қосымша тергеу жүргізуге нұсқау берді. Нәтижесінде 1939 жылы 31 шілдеде Б. Ихтиляпов қамаудан босатылды. Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 1958 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымымен Қостанай облысы бойынша ІІД үштігінің 28.12 қаулысы жойылып, 1937 жылы Бекділдә Ихтиляповқа қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Қамауға алу кезінде Б. Ихтиляповтың отбасы: анасы – Ихтиляпова Бал 55 жаста, әйелі – Сақыш, 22 жаста, ағасы – Жанділда, 10 жаста, қызы – Күләй, 2 жаста және ұлы – Ислам, 4 ай.
Департаменттің арнайы мемлекеттік мұрағатының бастығы В.Данин.
28.12.1937 жылы Қостанай облысы бойынша УНКВД “үштігімен” сотталған адамдардың тізімі.
Ату жазасына кесілгендер:
1.Имаш Салыков, 1910 жылы туған. Қостанай облысы Таран ауданы Қоржынкөл ауылдық кеңесінің тумасы. Қамауға алынғанға дейін Москалев ет-сүт кеңшарының зоотехнигі болып жұмыс істеген.
- Молдатай Куйкин, 1909 жылы туған. Қостанай облысы Семиозер ауданының №15 ауылының тумасы. Қамауға алынғанға дейін Ноғайкөл ауылдық кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеді.
- Алданыш Мухамбетов, 1898 жылы туған, Қостанай облысы Семиозер ауданының Жаркөл ауылдық кеңесіне қарасты №16 ауылының тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер ауданының халық шаруашылығы есебінің инспекторы болып жұмыс істеді.
- Рустем Машаков, 1900 жылы туған. Қостанай облысы Обаған ауданына қарасты № 4 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер ауданындағы Кенжатқан мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген.
- Жумур Исмурзин, 1898 жылы туған. Қостанай облысы, Семиозер ауданы, Жаркөл ауылдық кеңесіне қарасты №16 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Қостанай қаласындағы Мирзоян атындағы мектептің мұғалімі болып жұмыс істеді.
10 жылға сотталып, жазасын еңбекпен түзеу лагерінде өтегендер:
1.Сыздык Кульмухамедов, 1896 жылы туған. Қостанай облысы Аманкелді ауданының қарасты Октябрь ауылдық кеңесінің тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер аудандық тұтынушылар одағында дайындау мекемесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2.Жиенгали Мурзабеков, 1898 жылы туған, Қостанай облысы, Семиозер ауданы, Жаркөл ауылдық кеңесіне қарасты №16 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Молотов атындағы колхоздың төрағасы болған.
- Алькен Бекмагамбетов, 1905 жылы туған, Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы Жаркөл ауылдық кеңесіне қарасты №16 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Молда ауылдық кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеді.
- Жаксылык Баймухамедов,1914 жылы туған, Қостанай облысы, Таран ауданындағы Қоржынкөл ауылдық кеңесіне қарасты №13 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер аудандық тұтынушылар одағының тауар сатушысы болған.
- Кабдраш Какенов, 1909 жылы туған. Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы Бірлік ауылдық кеңесіне қарасты №10 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Бірлік ауылдық кеңесінің төрағасы болған..
- Капар Садыков, 1914 жылы туған. Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы Жаркөл ауылдық кеңесіне қарасты №16 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер аудандық халықтық есеп комитетінің инспекторы болып қызмет атқарған.
- Жумагул Иржанов, 1911 жылы туған, Қостанай облысы, Таран ауданындағы Қоржынкөл ауылдық кеңесіне қарасты №13 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер аудандыө қаржы бөлімінінде аға салық испекторы болған.
- Закарья Ахметов, 1908 жылы туған. Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы Ноғайкөл ауылдық кеңесінің тумасы. Қамауға алынғанға дейін балалар үйінің бригадирі болған.
- Базылбек Байқадамов, 1914 жылы туған, Қостанай облысы, Таран ауданындағы Қоржынкөл ауылдық кеңесіне қарасты №13 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін балар үйінің есепшісі болып еңбек еткен.
- Бекдильда Ихтиляпов, 1914 жылы туған. Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы №1 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер ауылында тұрып, мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде инспектор болып жұмыс істеген.
- Кабыл Игисинов, 1902 жылы туған, Қостанай облысы, Таран ауданына қарасты Қоржынкөл ауылдық кеңесінің №13 ауылының тумасы. Қамауға алынғанға дейін Қазақстан КП Семиозер аудандық насихатшысы болған.
- Идрис Сарсенбаев, 1903 жылы туған. Қостанай облысы, Семиозер ауданына қарасты №2 ауылдың тумасы. Қамауға алынған дейін Семиозер аудандық мал шаруашылығы бөлімінде зоотехник болып еңбек еткен.
- Омар Байжанов, 1901 жылы туған, Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы №2 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер аудандық партия комитетінің инспекторы болған.
- Абен Утебаев, 1904 жылы туған, Қостанай облысы, Қостанай ауданындағы №2 ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер ауданында мектеп директоры болған.
- Амиржан Маркин, 1907 жылы туған, Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы №4-ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер орман шаруашылығы мектебінің мұғалімі болып істеген.
- Арстан Амрин, 1908 жылы туған, Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы №1-ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер балалар үйінің оқытушысы болған.
- Хамит Ермуханов, 1910 жылы туған, Қостанай обысы, Семиозер ауданындағы Жазқазан ауылды кеңесіне қарасты №9- шы ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.
- Исмаил Нургалиев, 1904 жылы туған, Қостанай облысы, Семиозер ауданындағы №1-ауылдың тумасы. Қамауға алынғанға дейін Семиозер аудандық атқару комитетінің инспекторы болған.
Суреттер мен құжаттар Өмірзақ Ихтиляповтың мұрағатынан алынды.
Әлібек ЫБЫРАЙ