“Үшқұдық” сабынын сұраушы көбейді

“Үшқұдық” сабынын сұраушы көбейді

Рудный қаласының тұрғыны «Үшқұдық» деген сауда белгісімен кір сабын шығара бастады. Ол жеке кәсібін ашып, орталық базарда сатылымға шығарғаны сол, сұраныс та артқан.

Тұтынушылар өнімнің сапасы сырттан әкелініп жатқан кір сабындардан әлдеқайда артық деп жатыр. Бірақ кәсіпкер бастаған ісін әрі қарай жалғай алмай отыр. Себебі қаржының жоқтығы қолбайлау. Соған қарамастан тағы бір өндірісті қолға алуда. Енді кір сабынмен қоса кір жууға арналған ұнтақты да шығармақ. Оны жасайтын құрылғыны қолдан құрастырып алған.

Сабын шығарушы кәсіпкердің аты-жөні Сегізбай Жүнісов. Ол 2019 жылы Өзбекстаннан қоныс аударып келген. Сабынның «Үшқұдық» аталуының да мәні осында. Олар Өзбекстанның Үшқұдық қаласында тұрған. Осы уақытқа дейін Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь болып жұмыс істеді. Ендігі ойы жеке кәсібін қолға алып, дамыту.

Сегізбай Жүнісов сабын шығару үшін арнайы құрылғыны несиеге сатып алған. Құрылғы сағатына 500-ге жуық сабын шығара алады. Сабынының салмағы – 200 грамм, құрамындағы кір ашатын майлы қышқылдың үлесі 72 % жетеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Алғашында кәсіптің бастамасын 100 сабынмен бастаған. Оларды қаладағы базарға сатуға шығарғаны сол өнімі әп-сәтте сатылып кетіпті.  Бағасы – 250 теңге. Бұл өте жақсы баға. Анау-мынау су тисе езіліп кететін сабындардан әлдеқайда жақсы. Мұны тұтынушылар да растап отыр. «Су тисе езілмейді, жақсы көпіреді, кірді де жақсы ашады» деп мақтай жөнелді рудныйлық тұрғын.

Сабын шығарудың қыр-сырын Сегізбай Жүнісов Өзбекстанда жүргенде үйренген. Сол жақта жүргенде біраз жыл сабын шығаратын кәсіпорында жұмыс істепті. Сабын қайнатуға көп дүние керек емес. Бар болғаны малдың кәдімгі ішмайы, одан кейін күнбағыс майы қажет. Кәсіпкер оларды жергілікті ет комбинаттары мен мал сою цехтарынан, дәмханалар мен мейрамханалардан сатып алып, дайын химиялық қоспаны қосады. Оларды Шымкент пен Алматыдан алдыртады. Бәрі халал. Ешқандай да бөтен иіс, немесе доңыздың терісі жоқ. Мұны тұтынушылар да жақсы біледі.

– Мен ішмайды тек сиыр, жылқы ғана соятын ет комбинаттарынан сатып аламын. Дәмханалар бауырсақ, тағы да басқа неше түрлі майлы тағамдар пісіреді. Солардан сұйық майдың қалдығын да іске жаратамын. Сабын сапалы болуы үшін оның майлық үлесі 72% жеткізіп, ағарта түссе сапасы тамаша болады. Бағасы да қолжетімді. Егер көп аламын дейтіндер болса оған да келісуге болады. Бағасын түсіріп берер едім, – дейді кәсіпкер.

Бұл бастамасын інісінің гаражында бастаған. Қазір қаражаттың жоқтығынан ісі тоқтап тұр. Бірақ қарап отырған жоқ. Ол енді кір жуатын ұнтақ шығармақшы. Ал оған керекті құрылғыны қолдан құрастырып, жоқтан бар шығарып жатыр. Әттең, істі кеңейту үшін арнайы орын, қаражат қажет. Толық іске қосамын десе 5 млн теңгедей қаражат болса дейді. Қарап отырсақ соншалықты көп ақша да емес. Отандық өнімге қолдау болса бұл біріншіден, өз өндірісіміз, екіншіден, жұмыс орны болар еді. Өкініштісі, әзірге ондай қолдау жоқ. Кәсіпкер қарап отырмай, «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасының филиалына да, «Центр кредит» банкіне де барған.

– Талаптары миға симайды. Біріне кепілдікке мүлік немесе банктен жеке есепшот ашып, соған жарты жыл қаржы жинауың керек дейді. Ондайым болса өзім де қиналмас едім. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламаға қатысып жатырмын. Сол үшін жұмыстан да шықтым. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізгім келеді. Ол үшін барымды саламын, – дейді ол.

Кәсіпкер сабынмен қоса, кір жуатын ұнтақ, ағартқыш, шампунь да шығарғысы келеді. Ол мақсаты да жүзеге асатынына сенімді.

 

Жаңалықтармен бөлісу