Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жаңа әдіске көшіру ұйғарылды

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жаңа әдіске көшіру ұйғарылды

Биыл елімізде мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа 33 млрд теңге бөлінген болса, оның 10 пайызы осы облысқа тиесілі.  Бұл тапсырыстарды игеруге келгенде әлі де кемшін тұстары бар.

Мәселен, қоғамдағы өзекті жобаларды тиімді іске асыруға берілген қаржының алпыс пайызы бір спорттық клубтың айналасында жұмсалып жатқан жайы бар. Жастарды біріктіріп келе жатқан “Жасыл ел” бағдарламасына жыл сайын 98 млн теңге аударылатынын білесіз бе?

Бұл туралы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды тиімді пайдалануды оқыту семинарына онлайн режимде қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасы Гүлбара Сұлтанова айтты.

“Біздегі ішкі саясат істің санына қарай жүргізіледі. Сапаға қарай түбегейлі мән берілмей жатыр. Жұмыссыздық бағдарламасына мың мүгедек адамды тарттық дейік. Барлығын қамтуға тырысып мардымсыз жалақыға жұмыс істетеміз. Дамыған елдердегі жағдай сәл өзгешелеу. Олар үш жүз адамды алып, оның онын қызметке қабылдайды, жақсы төлеммен қажетті жағдай жасайды. Осыдан нәтиже шығатынын ескерілсе деймін. Бір өңірді алып, тиімді жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағы оқытылса құба-құп. Қоғамдық бақылауды күшейтіп, мемлекеттік тапсырысқа аванс беру жағын ойластыру керек”, – деді комитет басшысы.

Басқа облыстарға қарағанда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың орындалу жағдайы артық болғанымен, өндіру сапасына келгенде кедергі болып отырған келеңсіздіктер аз емес екенін облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали да атап өтті.

 

“Грант бойынша келеңсіздіктер орын алып жатады. Мәселен, облыста нашақорлықпен күрес шарасын ел болып ұйымдастыру қолға алынды. Осы бағытта 18 млн теңге бөлінді. Басында ниет танытқанымен, кейбір мекемелер қайтадан шыққысы келмейді. Сегіз жүз балаға бір түсті киім беріп, жақсы контент жасап, бір рет жүзеге асырғаннан кейін жыл бойы бой тасалайтын нәрсе емес екенін ұғынатын кез келді”, – деді Ринат Мұхаметқали.

Өкінішке қарай, әп дегенде қарқын алатын әлеуметтік іс-шаралар “шаблонды” дүние ретінде қалып отыр. Осы жағынан алып қарасаңыз, біздің қоғам мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды игерудің тиімді жағын қарастыруды талап етіп отыр.

Үкіметтік емес ұйымдар ескі тәртіппен жұмыс істеп келеді. Форум, семинар, конференция өткізу дәстүрімен шектелуде. Ол тығырықтан шығудың жалғыз жолы – жаңа әдіс ойластыру. Адамзатты жақсылыққа бой алдырып, жаман әдеттерден аулақ қылатын ақцияларда буклет таратып қана қоймай, тәрбиелік жағынан ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болары анық. Келушілерге түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізбей, оларды түбегейлі қатыстыруды ойлайтын кез келді. Осы себепті, әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асырушыларға талап та күшейді. Қатысушылардың жеке кестемен жүру ережесі ұдайы қадағаланбақ. Жобалар бойынша нақты шешімдер қабылданады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу