Үкімет сот реформасы бойынша заңнамалық түзетулердің екінші блогын қолдады

Үкімет сот реформасы бойынша заңнамалық түзетулердің екінші блогын қолдады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировпен кездесу өткізді, оның барысында сот жүйесін реформалау жөніндегі заңнамалық түзетулердің екінші блогы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Мемлекет басшысына ұсынылып отырған жаңашылдықтар туралы хабардар еткен болатын.

Түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірледі. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңдарға енгізіледі.

Жоғарғы Сот төрағасы ұсынған негізгі жаңашылдықтардың бірі – қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық өтінішхаттарды алдын ала қарауды алып тастау.

Бұл ретте ел Президентінің тапсырмасы бойынша қазір дербес кассациялық инстанциялар құру мәселесі пысықталып жатқанын айта кету керек.

Заң жобасы сондай-ақ Сот алқасының және Сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссияның жұмысын жетілдіруге, судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот актісінде көрсетілген өрескел бұзушылықтардың барлық фактісі автоматты түрде Сот алқасына берілетін жаңа механизм енгізілуде.

Сондай-ақ бағалау көрсеткіштерінің саны оңтайланады, отставкадағы судьялар үшін әлеуметтік пакет жақсарады, мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын заңгерлер үшін Сот төрелігі академиясында оқу қолжетімді болмақ.

Н. Ахметзакиров заң жобаларын іске асыру бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін атап өтті. Шығындар ел Президентінің тапсырмасы бойынша енгізілген сот жүйесін (барлық мемлекеттік органдар шығындарының жалпы сомасынан кемінде 6,5%-ы) қаржыландырудың жаңа моделі аясында жүзеге асырылады.

ҚР Конституциясының 61-бабына сәйкес енгізілген түзетулер бойынша қабылданған Үкіметтің оң қорытындысы Мәжілісте заң жобаларына одан әрі бастамашылық жасау үшін Парламент депутаттарына жолданады.

Жаңалықтармен бөлісу