Премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысын да назардан тыс қалдырмады. Ол Қостанай ауданы Заречное ауылында осы жобаға қатысқан тұрғынның шаруа қожалығының жай-күйімен арнайы барып танысты.
Жергілікті тұрғын Қымбат Кокиева бағдарлама бойынша 5,2 млн теңге алып, кәсібін дөңгеленте бастаған. Кәсіпкер иеленген қаражатына 13 бас ірі қара сатып алыпты. Ол мал бағуға жұмысшы жалдап, тұрақты жалақысын төлеп отыр.
«Ата-анам шағын шаруашылық жүргізетін. Сондықтан мен жекеменшік үйде ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға қолайлы жағдай бар екенін жақсы түсінемін. Бұл ойымды айтқан кезде ата-анам қуана қолдады. Үй-жайды жөндеп, жануарларға арнап, бөлек ұңғыма жасадық. Келешекте шаруашылығымды ет өндіру бағытында кеңейтіп, мал басын көбейткім келеді. Сондай-ақ ет дүкенін ашып, жартылай фабрикаттар жасаумен айналысу ойымда бар. Болашақта өндірістік ет цехын ашқым келеді», — дейді Қымбат Кокиева.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде жылына 2,5 пайызбен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба бойынша қаражатты қызметін жаңадан бастағандар да, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де ала алады.
“Біз бұның өте тиімді бағдарлама екенін көріп отырмыз. Үкімет бағдарламаны іске асыру үшін былтыр 100 млрд теңге бөлді. Бұл 12 мың шағын несие беруге мүмкіндік берді. Биыл бағдарламаны іске асыру жалғасын табады. 17 мың шағын несие беру жоспарлануда. Ең басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және кірісті арттыру, кооперация мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту. Жоспарлардың табысты жүзеге асуына тілекшіміз», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру Жамбыл облысынан басталғанын еске салды. Аталған жоба өзінің жемістілігін көрсеткендіктен, өткен жылдан бастап, оны еліміздің барлық аймақтарына тарату туралы шешім қабылданған.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ