ҰБТ-да 137 балл жинады

ҰБТ-да 137 балл жинады

Науырзым ауданы, Қарамеңді селосындағы  Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің  биылғы түлегі   Жансая Арыстанбекова Ұлттық Біріңғай Тестілеуде   137 балл иеленіп, үздік нәтиже көрсетті.  Жансая тестілеуге дайындықты былтырғы тамыз айынан бастағанын айтып отыр.

“Дайындықты бастау үшін ең алдымен таңдау пәндері мен мамандықты таңдау қажет болды. Өзім жылдар бойы  «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығын  армандадым. Осылайша,  ағылшын тілі және дүниежүзі тарихын таңдап алдым”, – дейді Жансая.

Дайындық өте қарқынды жүрді. Ақылы түрдегі  қаңтар, наурыз айларындағы ҰБТ-дан алғашқы сынақ нәтижесі  белгілі  болды. Алғашқы тестілеуде 119 балл жинаған ол әзірлікті  одан сайын күшейте түсті.  Сөйтіп, нағыз тестілеуде  137 баллға ие болып отыр.

«Ағылшын және дүниежүзі тарихын таңдауымның тағы бір болашағы бар.  Бұл мамандықпен дипломат қызметін атқаруға болады», – дейді Жансая Арыстанбекова.

Сынып жетекшісі Асхат Қазбек  Жансаяның мектептегі іс-шараларға белсенді болғанын айтып қалды.

«Жансая қызымыз сыныптың басшысы. Үздік аттестат иегері. Өнер жолындағы белсенді  оқушылардың бірі. Ән айту, би билеуді жақсы көреді. Өзінің сыныптастары арасында беделді. Осы алғырлығының арқасында «Айқанат»  олимпиадасының амбасадоры, жүлдегері атанды», – дейді Жансаяның ағайы.

Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин мектеп гимназиясының түлегі  Дильназ Кенжебекқызы да ҰБТ-да жоғары балл жинауының нәтижесінде биылғы грант иегері болып отыр. Бір ғажабы Дильназ да дүниежүзи тарихы пәнін таңдап, 137 балл жинаған.

 «Дүние жүзі тарихы мен географияны таңдағаннан кейін  juz40 онлайн курсымен 5 ай дайындалдым. Қалған ҰБТ-ға дейінгі уақытта  бәрін қайталап шықтым. Ал 10-сынып аяқталған соң шілде айында қазақстан тарихы мен математика сауаттылығын өз бетімше оқыдым. Материалдар іздеп, қажетті кітап сатып алып, аптаның  алты  күнін ҰБТ-ға бір жыл бойы арнадым», – дейді Дильназ.

Екінші пәнге географияны алған түлек, болашақта оқушыларына тарихтан дәріс оқығанды қалайды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу