Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «AМАNAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын айрықша атап өткен еді.
Халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасына былтыр 65 мың адам қатысқан. Арқалықтағы «AMANAT» партиясы филиалының ұйымдастыруымен де қаржылық сауаттылық курстары басталды.
Азаматтарды қаржыны сауатты пайдалануға, жеке бюджетті жоспарлауға үйретуге бағытталған курсқа Қостанай қаласынан арнайы келген қаржылық сарапшы дәріс оқып жатыр.
Онда дәріс оқылып қана қоймай, тұрғындарға жеке және отбасылық бюджетін бекіту құру, жеңілдікті несиелер мен гранттарға құжаттарды жинауға жәрдемдесу, электрондық порталдарда жұмыс істеу тәрізді көптеген тұрмыстық мәселелерді шешудің жолдарын егжей-тегжейлі айтып, түсіндіріледі.
«Зейнетақыны есептеу және рәсімдеу», «Кәмелетке толмағандарды туыстарына қорғаншылық тіркеу», «Тұрғын үй мәселелері», «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша несиелеуге құжаттарды жинау, жер телімдерін алу конкурсына қатысу сияқты көптеген мәселелер жайында да құқықтық кеңес берілуде.
«Бұл курстар жеке қаржыны басқару саласындағы білімді тереңдетуге көмектеседі. Әр топта шамамен 40 адамнан оқып жатыр. Курсты 1 топ 1 апта бойы оқиды. Жалпы, бұл оқу желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады. Барлығы 500-дей қала және ауыл тұрғындары сертификат алады деп жоспарлануда. Оның ішінде қарызы бар адамдар да оқып жатыр», – дейді «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет.
Жоба аясында қаржылық сауаттылық бойынша курсты аяқтаған 41 тыңдаушыға сертификаттар табыс етілді.
Мұрат Жүнісұлы Арқалық қаласы