«Әннің де естісі бар, есері бар…». Мұны әуеннен, нотадан мін теру үшін айтып отырғанымыз жоқ. Ел құлағына сіңісті болып қалған кейбір әндердегі шалағайлау мәтіндерді сөз еткіміз келеді.
Қазір, шыны керек, заманауи жұлдыздардың көбі сазгер де, ақын да іздеп жатпайды. Сөзін де, сазын да өз бетімен жаза беретіндер көп. Оларды талдап-талқыламақ түгілі соңына дейін тыңдап шығудың өзіне шыдам керек. Бірақ бүгін Q-pop, рэп аталатын жастардың дүниесіне емес, сапасы сын көтереді-ау деген бірнеше әннің мәтініне зер салып көрмекпіз.
«Қазақ қызға үйленем». «Ұлы дала баласы» лақап атымен қазақ жұртына танымал болған әнші Төреғали Төреәлінің сөзі мен әні үйлесім тапқан туындылары көп. Алайда біздің назарымызға іліккен шығармасынан бір кемшілік тауып отырмыз. Әуелі әнді еске түсіріп көрейікші:
«Еріндері кеседен
Басқа жерге тимеген,
Қадірімді білетін
Қазақ қызға үйленем». Әртүрлі ұлттың қыздарын түгендеп шығатын әзіл түрінде жазылған әннің әп-сәтте хитке айналғаны баршамызға мәлім. Тек осындағы бізге жақпай қалғаны – «қазақ қызға…» деген тұсы ғана. Бұл тіркестің дұрысы «қазақ қызына» болуға тиіс. Егер мән беріп қарасаңыз, бұл тіркесте ілік септік жалғауы жасырын күйінде тұр (қазақ+тың қызы). Жасалу заңдылығы солай. Ән буынына дөп түсіп тұрмағандықтан, осылай қысқарып кетті ме, әлде басқа да себебі бар ма, ол жағы бізге беймәлім. «Қазақ қызы», «Торғай қызы салған ән» дейтін әндерді естіп жүрген шығарсыз? «Перінің қызы Бекторы» дейтін ертегі кейіпкерін ше? «Сыған қызы Аза» дейтін фильм де бар-тын. Сөзге тұздық ретінде осындай көптеген мысал келтіруге болады. «Қазақ қыз» дейтін басқа да жаңа әндер бар екен интернетте… Бастысы, дұрыс-бұрысын біз біле жүрейік деген ниетпен жазып отырмыз.
«Көгілдір көктемдей…». Қазақтың құдіретті әндерінің бірі – Шәмші мен Ғафудың «Ана туралы жыры». Вальс королі мен сұрапыл ақыннан қандай кемшілік тапқалы отыр дерсіз. Мәселе осы шедеврді бүлдіріп орындап жүрген қазіргі әншілерде болып тұр. Өлеңдегі:
«Көңіліңді көктемдей
Көзіңнен танимын», – делінетін жолдарды көптеген орындаушы: «Көгілдір көктемдей көзіңнен танимын» деп шырқап жүр. Бұдан не түсіндіңіз? Көздің көгілдірлігін айтып тұр ма? Өйткен күннің өзінде «көгілдір көктемдей көзден» нені таниды екен? Осы тармақтарды әлеуметтік желілерде қате күйінде құттықтау сөз ретінде қолданатын жастар тіптен көп болып шықты.
Сондай-ақ аталған әндегі:
«Сен бердің құстардың
Қанатын самғаған», – дейтұғын жолдарды да «сен берген құстардың…» деп ағат айтып жүрген әншілер бар. Бұл да немкеттіліктің кесірі. Ақын қалай жазды, ән сөзі солай орындалуы керек.
«Сенің мойныңда – менің іздерім». Ақан Отыншиев есімді әнші жігіттің «Шудың бойында» аталатын әнін естімеген қазақ кем де кем шығар. Тойшыл қауым «туфлиі түтіндеп, өкшелері өртенгенше» билейтін, атағы алыс-жақын шетелге «шығып» кеткен хиттердің бірі. Танымалдығында аса шаруамыз жоқ. Бізді елең еткізгені – қайырмасында кездесетін әлгі сөйлем. Ғашық жігіт қыз мойнының «қызылын ала» сүйгенін меңзеді деп түсіндік. Бірақ мұны «сенің мойныңда – менің іздерім» деп қалай болса, солай айта салғаны несі? Тура мағынасымен қарасаң, көз алдыңа басбұзар және соққыға жығылған нәзік жан елестейді екен. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген емес пе, жақсы ақындарға жүгінсе, бұл тентексүрейліктің орнына жөнді сөз тауып берер еді ғой. Жалпы, сөз бен сөйлем мағынасының екіұшты болып кетпеуін қадағалаған жөн.
«Інісі кімнің бар болса…». Масқараның «көкесін» интернетті шарлап жүрген бейнежазбадан көріп жаға ұстадық. Әнші Қарақат Әбілдина танымал сазгер Алтынбек Қоразбаев жазған «Елге сәлем» әнінің мәтінінде үлкен қате жібереді. Ақын Әбдірахман Асылбеков ән сөзін:
«…Армысың, балғын iнiлер,
Ағалап алдан жүгiрер.
Iнiсi кiмнiң бар болса,
Өнерi өрлеп, iрiлер», – деп жазса, оны әншіміз: «Інісі кімнің бар болса, етегі ерте түрілер», – деп орындайды. Дүйім халық жиылған айтулы концерт елдегі ең беделді телеарналардың таспасына жазылыпты. Дәстүрлі әншінің мұншалық мұқиятсыздыққа баруына не себеп болғаны беймәлім. Бәлкім, кейін түзеткен шыға деп, “Ютуб” арнасынан іздеп көріп едік, әлі солай орындайды екен. Нақ осы шығарманы орындайтын тағы бір әнші Алма Аманжолованың нұсқасын тыңдап көріп едік, мәтінді түпнұсқаға жақындатып айтады екен. Тек “Өнері өрлеп, ірілер” деген тұсын “Бағасы өрлеп, ірілер” дейді екен. Бұл да қате емес деп ойлаймыз. Қос орындаушыны сіз де тыңдап көріңізші.
Р.S. «Жүре берсең, көре бересің» демекші, індете іздей түссек, әндегі мұндай ағаттықтардың неше түрін табар едік. Бүгінгі шығарылым арқылы айтпағымыз, тілімізге деген жауапсыздық пен сауатсыздық сахнадағы әндеріміздің де әрін қашырып барады. Тыңдарман талғамы биіктей түссе, мұндай қателіктер біртіндеп өздігінен жоғалар ма еді?
Ал сіз қазақ әндерінен қандай ағат мәтіндер кездестіріп жүрсіз?