Рудный қаласындағы халық әндерінің байқауына әнсүйер қауым көп жиналды. Көрермендер үш түрлі жас санаты бойынша терең ойлы, нәзік сезімді халық әндерін тамаша орындаушылардан естіп, құлақ құрыштары қандырды. Рухани әлдиге бөленіп, бір марқайып қалды.Әсіресе, небәрі 6 жастағы Аңсар Нұрболұлының «Еркем-ай» халық әнін көрермендер толқи тыңдады.Екінші буын өнерпаздардан Олжабай Мадяир «Балапан қаз» әнімен көзге түсті. Орындаушыны жиналған көпшілік ду-қол шапалақтаумен марапаттады. Ұйымшылдық жағынан көрермендердің жылы лебізіне Қашар кентінен ат терлетіп келген өнерпаздар орынды ие болды. Әсіресе, олардың орындауындағы ән топтамасы ешкімді де бейжай қалдырған жоқ.
Бір байқағанымыз, кейінгі жас толқындарға қарағанда, осы көрсетілім бағдарламасында ересек өнерпаздар басым болғанын айтып кеткеніміз орынды. Олар әртүрлі тақырыпта халықтың жауһар әндерімен көрермен залын дүбірге бөледі.
Өнерпаздардың ішінен Нұржас Жандыллаев , Әйкерім Әлиақпар, Махаббат Серкебаев, Мерей Бергенов көрермендердің ыстық ықыласына бөленді..Жер-суға махаббатын арнаған орындаушылардың ішнде Манат Рамановтың «Бір шәугім шәйі», Шәмшия Қайыркенованың «Аққұм» әні көрсетілім бағдарламасының тұздығындай әсер етті. Қатысушыларға әділ бағаны қазылар алқасының мүшелері – Азамат Мұқатов , Әсел Тасмағанбет, Гүлнар Нұркеновалар берді. Өнерпаздар марапатсыз қалмады.
Қорыта айтқанда, бағдарламадан атадан балаға ұласқан, халық әндері әлі де талай жылдар бойы елімен, жұртымен бірге ілесіп, біте қайнайтынына көзімізді жеткізіп, ұйымдастырушыларға, орындаушыларға алғыс айтып тарастық.Әсіресе, ыстық-суығына көндігіп, толқу мен әбігерлікті бастан кешіріп, бағдарламаны құрастырып, оны аяғына дейін әмбебап күйге жеткізген Фариза Абдуахитова мен Қуанышгүл Есімғалиеваға еңбектерің жеңісті, ынтымақтарың нәтижелі болып, елдің алғысы әлі де жасампаздыққа жол ашсын деп тіледік.
Солай десек те, осындай тамаша көрсетілімдерді ұйымдастырушыларға бағалаушыларға іс-әрекеттің басында тұрғандарға базынамызда жоқ емес.Байқау халық әндері айдарымен өткенімен, бағдарлама құрамында елге-жерге арналған халық әндері көбірек болуы әбден дұрыс деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды, болмаса тіпті сөз басы амандықтың өзі мал-жан аман ба»-дан басталады емес пе?! Ал, қадірлі ақынымыз Қадыр Мырза Әлі: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сияқты екеуара іңкәрліктен құралған әннен жер-суға деген махаббат биік тұрса керек. Қандай тағам болса да, тұз қоспасаң дәмі келмейтіні сияқты, еліміз бен жер-жәннатымызға іңкәрлік болмаса, айтқан сөзіміздің бәрі татымсыз болып тұрмай ма!? Сондықтан осы базынамызды оқырмандар да орындаушыларда, ұйымдастырушылар да оң жаққа қойса дейміз.
Ғабдолла Ахметжанов
Рудный қаласы