Қазақта «Жеті атасынан киелі әулет» деген ұлағатты сөз бар. «Туған жердің топырағына, шыққан тегіне тартады» деген қағида бар. Бұл дәлелденген жағдай. Айтайын дегенім, бельгиялықтар асырап алып, Испания елінде жұмыс істеп жүрген Жәнібек деген баламыз таяуда күллі қазақты дүр сілкіндірді. «Туған жерім – Қазақстан» деп Торғай топырағына оралды.
Ол туралы қаншама азаматтар жазып, айтып жатыр. Елде халықпен кездесті, туған жердің топырағын басып, ауасын жұтып аттанды. Дегенмен, бір өкініштісі, ол азаматтың аз да болса елде бола тұруына мүмкіндік туғызу керек еді. Визасының уақыты бітіп, кейін қайта оралуға мәжбүр болды.
Осыған байланысты, ұлттың азаматы есебінде пікірімді білдіргім келеді.
Бұл елін, топырағын, ата-бабасын, туған жерін, отанын іздеп келген азаматқа лайықты құрмет көрсетілуі қажет. Туған жерінің топырағымен, ол жерде туған ұлылардың тарихымен жетік таныстырылуы керек деп есептеймін. Торғай төсінде ірі тұлғалар тудырған киелі жерлер аз емес. Мысалы, «Ақкөл» мен «Аққұм» ұлт ұстазы Ахмет бабамыздың туған жері. Ахметтің ғашық болған Іңкәрінің жері. Кешегі жақсылар мен жайсаңдар шыққан жер. Атақты Жүзбай қажы, Таласбай молда сынды небір әулиелелерді тудырған топырақ.
Түрлі себептермен Жәнібекпен жолыға алмадым. Жолықсам арқасынан қағып, бетінен сүйіп, аталық мейірімімді көрсетер едім. Ардагерлермен, жастармен кездессе де артықшылығы болмас еді. Әрине, оған уақыттың тапшылығы әсер еткен болар. Бір сүйсінерлігі, туған ата-анасын іздеп келген баланы халық қолдап жатыр.
Таяуда, халқымыздың қадірлі азаматы, барша түркі тектес халықтардың беделін көтеріп жүрген, әлемге Қыпшақтардың кім екенін танытып 140 мемлекетті аралап жүрген әйгілі жиҺанкез Сапар Ысқақов ағамызға:
“Аға, Сіз алдағы жазда Аманкелді ауданында жасап жатқан ескерткішіңізді ашасыз, сонда осы елге талай жақсылар мен жайсаңдар ат басын бұрады. Сол кезде Жәнібек баламызды арнаулы шақыртсаңыз”, – деген ұсынысымды айтып едім.
Ол кісі бауырмал азамат қой:
«Қарағым, мына ұсынысың дұрыс екен. Мен ол жігітті егер келетін болса, визасының барлық шығынын өзім көтерейін. Елге келсін. Елге келгенннен кейін біз ол баламызға мәдени іс-шаралар ұйымдастырайық», – деді.
Елге келгеннен азаматты атқа мінгізіп, жастармен бірге жүргізейік, туған жердің топырағына аунатайық, тарихи орындарды, музейлерді аралатайық, мүмкіндік болып жатса деректі фильм түсіруді қолға алайық деген сияқты ұсыныстар жасады. Өте бір жақсы ұсыныс. Көп мәселе қаржыға келіп тірелетін болса, Сапар ағамыз:
«Қаржы жөнінен қиналыс жасауға болмайды, өзім мүмкіндігін жасаймын», – деді.
Ол кісі айтқан сөзін орындайтын азамат. Сол себепті, менің ойым, Жәнібек баламыз елге тағы келсе, жастармен жүздестіріп, отандастарын көрсетіп, елдегі зиялы қауыммен жолықтырып, ел екенімізді көрсетіп бір мерейін өсіріп жіберсе болар еді деген ұсынысым бар.
Жалпы, баланың анасын іздестіруде «Қазақ радиосы», «Көреміз» телехабары көп жұмыс істеп жатыр. Ел болып қолдау жасауымыз керек. Өткенге түсіністікпен, кешірімдікпен қарағанымыз жөн. Өзі келіп тұрған азаматқа ел болып қолдау жасауымыз керек. Бұл бір жағынан, біздің жастарға ұлттық патриоттық, адамгершілік, азаматтық, қандастық, тектілік парыз. Осыны біз ұмытпауымыз керек.
Тегінде бар адам қайтсе де тегіне тартады. Торғайдан талай ұлылар шыққан. Шақшақ бабамыздан бастап, бері қарай қаншама жақсылар тізбегі тұр. Жәнібекті сол текті бабалардың ізін жалғаушы бала деп айтса артықшылығы жоқ. Тегіне тартпаса іздеп келмес еді. Қанында бар қасиет қан арқылы тартып тұр. Сондықтан, осы ұсынысты қолдайтын ағайындар Жәнібек жазда келетін болса, үлкеніміз бар, кішіміз бар жан-жақты қамқорлық жасайық. Алақанға салып, елдің елдігін көрсетейік. Жерін, табиғатын көрсетейік. Мүмкін, келешекте осы жерден теңін табар. Қайда жүрсе де аман болуына тілектеспіз. Бауырымызға ортамызға тарту біздің адамгершілік парызымыз. Ізгілікті іске атсалысайық, ағайын.
Шөптібай Байділдин,
Арқалық қаласының құрметті
азаматы.