28 июня, 2025
Қостанай қаласында ту тігілген жалғыз аула бар

Қостанай қаласында ту тігілген жалғыз аула бар

Қостанай орталығындағы үйлердің бірінің ауласына Ту ілініп, көптің назарын бұрдырды. Бұл көк байрағымыз Тәуелсіздік  күні қарсаңында тігілген еді. Жан-жағы тіреумен бекітіліп, арнайы тұғыр орнатылған. Әлі күнге биігінен түспей желбіреп тұр.

Бұл жоба пәтер иелері кеңесінің мүшесі Асылхан Оташевтың бастамасымен жүзеге асқан. Игі идеяны аулаластары бір ауыздан қолдай кетіп, ту тұғырының көп кешіктірілмей орнатылуына атсалысыпты. Қаладағы ту тігілген жалғыз аула тұрғындардың мақтанышына айналды.

«Тәуелсіздік күні қарсаңында Асылхан ағаның мұрындық болуымен, ауламызға мемлекеттік ту тігілді. Бұл  іс-шараға көршілер белсене атсалысып, металл құбыр сатып алдық.  Дәнекерлеу жұмыстарын дереу бастап кетіп едік. Ол да ауызбірлікпен біткен іс болды», – дейді пәтер иелері кеңесінің төрағасы Ілияс Ахметов.

Осылайша, Баймағамбетов көшесіндегі 162-үйдің ауласында тұңғыш рет ту тігілетін тіреу орнатылып, көк байрағымыз ілінді. Ашылу рәсіміне көрші-көлем, арнайы шақырылған қонақтар қатысып, бұл сәт аула тұрғындарының бірлігін, елге деген құрметін көрсеткен оқиға ретінде есте қалды.

Ту тұғырды жасаған – дәнекерлеуші Николай Песков. Кезінде суретші, конструктор болып еңбек еткен жерлесіміздің жасы бүгінде жетпіс екіге келген.

«Әуелі жоспарын құрып, алдымызға мақсат қойдық. Қажетті материалын алдық. Айтылған ұсыныс дер кезінде орындалып, ың-шыңсыз жасалғанына бүгінде бәрі дән риза», – дейді ол.

Біз әңгімелеп отырған үйдің үлкені – ұзынкөлдік Еркін Құдабаев. Ол Ұлы Жеңіспен түйдей құрдас. Биыл сексенге келеді. 2010 жылы зейнетке шығып, Ұзынкөл ауданынан көшіп келген. Бұрын мемлекеттік қызметте болған. Атамыз осы шаруаның ыңғайына салиқалы кеңесін айтқан екен.

«Біз қаланың дәл ортасында тұрамыз. Үш-төрт жылдан бері жастар «ауламызды дұрыстаймыз» деп, нәтижесінде көп шаруа істелді.  Былтыр  Наурыз кезінде Ілияс пен Асылхан келіп: «Тұрғындарды жинап, бірлесе атқаратын шаруа болып тұр. Осы араға ту тігейік», – деді. Ерекше қуанып, батамды бердім. Қазір әр мерекені осы тұғырдың айналасында тойлайтын болдық. Барлығы – балалардың қамы», – дейді қария.

Қарияның айтқанындай, пәтер иелері кеңесі ҚР Рәміздер күні қарсаңында, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аула балаларын қуанатты.

Осы үйдің кішкентай тұрғындары тігілген ту астында жиналып, қолдарын кеудесіне қойып, әнұранды шырқады. Балғындарға тегін балмұздақ таратылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Еркін аталары ақ батасын берді.

Осы үйдің тағы бір байырғы тұрғыны – Елена Блажко. Мұнда 1972 жылдан бері тұрады. Аулада маңызды іс-шара жүзеге асқалы жатқанын естіп, бірінші болып қуанған кісілердің бірі.

«Көршілер ұсыныс жасады. Белсенді қолдауға кірістік. Қазіргі балалар рәмізіміз екенін білуі керек. Әнұранымыз ойнайды. Балалар шынайы сезіммен қабылдап, дайындалады. Біздің елдің игі ісі осындай шағын ауладан басталатынын көрсетіп берді. Бұдан соң әр тұрғынның отанға деген сүйіспеншік сезімі де арта түскендей», – дейді ол.

Бүгінде аула төрінде желбіреген көк байрақ елдік пен тәуелсіздік құндылығын еске салып, рух пен асқақтық лебін сездіріп тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суретке түсірген – Бағдат Ахметбеков