Ауылды көркейту, ондағы тұрғындарға лайықты жағдай жасау – мемлекет алдында тұрған басты міндеттің бірі. Мұны Президент те жиі айтып жүр. Сондықтан, жергілікті атқарушы биліктің елді мекендердің еңсесін тіктеуге жаппай кірісуі кездейсоқ емес. Қарасу ауданындағы Октябрь ауылдық округінде 4300 адам тұрады. Округке Октябрь, Железнодорожный, Теректі, Жекекөл тәрізді төрт ауыл қарайды. Ауылдық округ әкімі Нұрсұлтан Қарашевті жергілікті тұрғындар өткен жылы қайта сайлап алды. Өйткені, мұнда атқаратын шаруа шаш-етектен.
Мәселен, жылда көктемге салым Октябрь кенті мен Железнодорожный ауылдарындағы шеткері екі көшені тасқын су басады. Бұл маңайда қырық үй тұрады. Ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе биыл толық шешілді.
– Біздің округте үш ЖШС және қырық бес шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл осы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен 35 млн теңгеге меморандум жасастық. Осы қаржыға тасқын судан зардап шегіп келген отбасыларға алты үй сатып әпердік. Сөйтіп, бұл мәселе шешімін тапты. 2019 жылы селолық округ төртінші деңгейлі бюджетке көшкен. Яғни, халықтан түскен салық пен аудандық қазынадан бөлінген субвенцияға Киров көшесіндегі, ұзындығы 400 метрлік, биіктігі 3 метр болатын бөгетті жөндедік. Ал аудандық ТКШ-нің тапсырысымен Түнтүгір өзенінің екінші табанын қалпына келтіріп жатыр. Әбден ескірген бөгет 2017 жылғы тасқынға шыдамады. Соны қараша айының аяғына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз,– дейді Октябрь ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Қарашев.
Округ әкімінің айтуынша, кентте қарапайым еңбек адамына барлық жағдай жасалған. Осыдан бірер жыл бұрын “Железнодорожный-АМФ” ЖШС-мен бірлесіп, бос тұрған ескі бала-бақшаны талапқа сай жаңғыртып, он екі пәтерлік үй ретінде пайдалануға берді. Қазір мұнда жас мамандар – сырттан келген дәрігерлер мен мұғалімдер, ЖШС жұмыскерлері тұрып жатыр. Солардың бірі – Юрий Комаров.
– Бұл ғимарат көп жыл бойы қаңырап тұрған. Қазіргі көрінісі осындай. Қаладағы үйлерден бір мысқал кем емес. Газы, жылуы, суы кіріп тұр. Үйдің жан-жағына түгел төсемтас төселіп, жұрт демалатын орындықтар қойылған. Қандай керемет! Егер барлық ауылда дәл осындай жағдай жасалса, ешкім ауылдан көшіп кетпес еді. Мен өзім жеке кәсіпкермін. Келіншегім жергілікті серіктестікте еңбек етеді. Екі баламыз бар. Біз осында туып-өстік. Ешқайда көшкіміз келмейді, – дейді ол.
Алдағы уақытта бос тұрған өзге де нысандарды қалпына келтіреміз деп отыр округ әкімі. Биыл аудандық бюджеттен 7,5 млн теңге бөлініп, Октябрь мен Железнодорожныйдағы сегіз көше жарықтандырылды. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғаспақ. Сондай-ақ, 2024 жылы үш көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бір-біріне жапсарлас қонған Октябь мен Железнодорожный ауылдарында елу көше бар. Бүгінге текті соның жетеуі ғана талапқа сай. Алдағы он шақты жылдың бедерінде бұл мәселе де толық шешіледі дейді мамандар. Округте ауыз су мәселесі жоқ. Осыдан бес жыл бұрын “Өңірлерді дамыту” бағдарламасының шеңберінде барлық көнерген құбыр жаңасына ауыстырылды. Қазір округ тұрғындары сапалы, таза су ішіп отыр. Сондықтан, бұл жаққа көшіп келушілердің қарасы басым. Биылдың өзінде Железнодорожный ауылына сегіз жас маман қоныс аударған.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Қарасу ауданы