Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Аманкелді мен Жанкелдин аудандары өнерпаздарының тартуы Арайлы Арқалық қаласының қалың көрермендерінің назарына ұсынылды.
Биыл бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына барша қазақстандықтар үлес қосып, туған жерімізді көркейтуге атсалысып келеді.
Барша отандастарымыз «Таза Қазақстан» акциясына ерекше ынта-ықыласымен кірісті. Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу әркімнің парызы екенін айтқан Президент, шараның тәлімдік мәніне де тоқталып, оның мемлекеттік маңызы бар іс екенін алға тартты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе. Қазақ халқы артыңда мал қалғанша, тал қалсын демекші,Табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың осы бір дәстүрі, берекелі бастамаларға ұласуда», – деп атап айтты.
Біз ел жастары Таза Қазақстан экологиялық акциясын қолдаймыз! Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шара. Бүгінгі күні халықтың ыстық ықыласын, белсенділігін туғызды.
“Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат», – дейді ауылы аралас, қойы қоралас, ынтымағы жарасқан қос ауданның өнерпаз жастары.
Бас-аяғы жинақы, кілең жалындаған жас өнерпаздардан құрылған көңілді концертте әйгілі, есімі елге мәшҺүр «Ғасырлар пернесі» халықтық ұлт – аспаптар ансамблі, «Әуен» халықтық ұлт – аспаптар ансамблі, «Балқадиша» жетігеншілер тобы, сондай – ақ күміс көмей әншілер Фариза Бүркітбай, Жазылбек Сейтқалиев, Асылхан Әділхан, биші Дариға Масғұт және басқа да өнерпаздар өрімтал өнердің көрігін қыздырды.
Қос ауданның жастары ән мен жырдан шашу шашқан Арқалық аспанын дүбірге бөлеген «Демалыс саябағындағы» әсерлі кештің соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Жұмабаева жастарға ризашылығын білдіріп, қала әкімінің «Алғыс хаттарын» салтанатты түрде табыс етті.
Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасын насихаттаған думанды кеш одан әрі Арқалық қаласы және құрметті меймандар Аманкелді, Жанкелдин аудандары жастарының жаппай би кешіне ұласты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы