Көктемгі су тасқыны кезінде Әулиекөл ауданының аумағындағы Диев ауылын да су басқан еді. Қар суы ауыл шетінде орналасқан 15 үйді зақымдады. Бірақ заңнамаға байланысты Әулиекөл ауданының аумағында төтенше жағдайлар режимі жарияланған жоқ.
Десе де зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж жандардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес 15 отбасына жалпы сомасы 5 538 000 теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, «Диев» Агрофирма» ЖШС Бас директоры О.Даниленко үйлерін су басқан ауылдықтарға 11 миллион мөлшерінде материалдық көмек бөлді. Шаруашылық қызметкерлері үшін 1 млн теңгеден, ал өзгелерге 500 мың теңгеден.Сонымен қоса 6 баспана алып беретінін, кейін оны жеке атына аударып алуға да болатынын атап өтті.
Осы ауылда тұратын Зибагүл Мұқанованың үйін де су басқан еді.
– Сәуір айы баршамызға оңай болған жоқ. Бір бізде ғана емес, еліміздің әр өңірінде осындай қиындықтар болып жатты. Біздің ауылда да 15 шақты үйді су алды. Бірақ, шүкір, басымыз аман. Ал қалғаны орнына келеді. Үкімет тарапынан да, шаруашылық басшысы да ақшалай да, баспанамен де, азық-түлікпен де көмек беріп жатыр. Қиын шақта қолдауды сезіне білген де жақсы екен. Еріктілер де келіп, судың алдын алу үшін бар күштерін салып жатқандарын көрдік. Ауылдықтар да қарап қалмады. От пен су тілсіз жау деп бекер айтпаған. Табиғи апатқа ешкім қарсы тұра алмайтыны белгілі. Бірақ елдің амандығы бірінші орында, – дейді ауыл тұрғыны Зибагүл апай.
«ЭПК-forfait» ЖШС қарамағында еңбек ететін Ж.Бектенбергеновке 300 мың мөлшерінде ақшалай көмек берді. Сондай-ақ «Көмек.kst» қоғамдық қоры да шет қалмай, ауыл тұрғындарына 2 млн аударды. Бұдан басқа «Аманат» партиясы, «Әмит Ишан» мешіті де көмектерін аямады. Су тасқынынан зардап шеккендерге азық-түлік және тұрмыстық химия түрінде гуманитарлық көмек көрсетті.
Келешекте ауылда мұндай жағдай қайталанбасы үшін ұзындығы 300 метр болатын қосымша су бұру арналарын қазу жұмыстары жүргізілді.Қар суы ауылға қарай ақпасын деп 5 суағар жасалды. Қазіргі уақытта көмек алған отбасылар баспаналарын алып, ішін жылулықпен толтырып, үй – тұрмысын ретке келтіруде.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Әулиекөл ауданы