Дәстүрлі жалғасын тауып жатқан жәрмеңкеге ауыл еңбеккерлері өндірген өнімдерін арадағы делдалдарсыз өздері саудаға шығарады. Сондықтан, бұл жердегі азық-түлік тауарлары базар нарқынан анағұрлым төмен болып келеді.
Аңғар ауылының тұрғыны Салтанат Байлина Жәрмеңкеге тұрақты түрде қатысып жүргенін айтып отыр.
“Тұтынушыларымыз да үйренген. Осы жердегі өнімдер сапалы, табиғи әрі қолжетімді бағада сатылатын болғандықтан келіп, өздерінің дастарқанына қажетті дәм мәзірлерін ұдайы алып тұрады”, – дейді ол.
Жәрмеңкеде ірі қараның еті – 2 мың 200 теңге, жылқы еті – 2 мың 500 теңге.
“Ет қай уақытта болса да өтпей қалмайды. Екі бас қой, бір бас сиыр етін әкеліп тұрмын. Қолдан бордақыланған емес, өз аяғымен жүріп қоң жинаған малдар”, – дейді Матросов ауылының тұрғыны Мұрат Сәрсенбаев.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізуге қалада екі жер белгіленген. Біреуі қала орталығындағы №5 ықшам ауданда болса, екіншісі орталық базардың аумағында.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралардың қалыпты өткізілуіне барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Сондықтан халыққа да, өнім өндірушілерге де тиімді.
“Керек-жарағымызды ылғи осы жерден алып тұрамыз. Алдағы уақытта да үзілмей жалғасын таба берсе екен дейміз. Жәрмеңкеде ауылда бағып-күтілген семіз малдардың еті сатылады. Ет майлы болса істеген тамағың да аса дәмді болады”, – дейді қала тұрғыны Гүлмира Молдағалиқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы