Тұрғындар қоныс тойын тойлады

Тұрғындар қоныс тойын тойлады

«АSAR – UME» қайырымдылық қоры Арқалық қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 4 отбасыға баспаналы болу қуанышын сыйлады.

Бұған дейін қор отбасыларға пәтер сертификаттарын табыстап, әрқайсына баспана алу үшін 10 млн теңге және 500 мың теңгеден көтерме жәрдемақы таратқан еді.

Аталған қаржатқа тұрғындар қаладан пәтерлерді өздері таңдап, сатып алды.

Тұрғындардың бәрі қаладан көптен бері армандаған үш бөлмелі жабдықталған, жайлы пәтерлерге қол жеткізді. Баспаналы болып қоныс тойын тойлағандардың бірі – Новый кентінің тұрғындары Ағаділовтер отбасы.

Көпбалалы отбасының аналары таяуда өмірден өткен. Төрт баланың үлкені Нұршат жақында ғана әскерден келіп отыр.

Қоныс тойын тойлап жатқан отбасылардың қуаныштарымен қор өкілдері арнайы келіп бөлісіп, жаңа қоныстарына құтты болсын айтты.

«Алланың қалауымен асарлатып Арқалық қаласына келіп отырмыз. Бұған себепші болып, қолдау көрсетіп отырған барша қазақ елі. Осыдан екі ай бұрын су тасқыны апаты болып, еліміздің бірқатар өңірлерінің халқы жиған мал-мүлік, баспаналарынан айрылып, қиын жағдайда қалған болатын. Осыған орай, қорымыздың атынан жинақ ашып, көмек қолын созуға ұмтылған болатынбыз. Осы уақыт ішінде 1 млрд теңге ақша жиналды. Бұл қаражатты су тасқынында қалған адамдарға гуманитарлық көмекке, үй алып беруге жаратып жатырмыз. Облыс бойынша қорымыз 12 отбасыға баспана сертификатын сыйлады. Оның ішінде Арқалық қаласынан 4 отбасы бар», – деді қордың Қостанай облысы бойынша өкілі Елжас Шора.

Іс-шараға қордың Алматы қаласындағы жүргізушісі Серік Қамбарбаев арнайы келіп қатысты. Тұрғындарды баспанамен қамтуда қордың Арқалық қаласындағы өкілі Мөлдір Жапарованың да еңбегі зор.

Баспаналы болып, қоныс тойларын тойлаған отбасыларға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы да қор өкілдерімен бірге болып, жылы лебізін білдірді.

Қор көмегімен үйлі болғандардың қатарында жеті баланың анасы Индира Шойбекова мен үш баланың анасы Рыскүл Ерназаровалар да қоныс тойларын тойлап, елге аналық ақ алғыстарын айтып, мол қуанышқа кенеліп отыр.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу