Биыл Қостанай қаласының құрылыс саласына 26,7 млрд теңге бөлінген. Оның 13,5 млрд теңгесі игерілген. Бөлінген қаржыға облыс орталығында 48 көп қабатты тұрғын үй салынуда. Көп қабатты тұрғын үйден бөлек, 55 жер үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Дастан Иманбеков баяндап берді.
Абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қонай шағын ауданын көркейту үшін 30 жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Тұрғын үйлер бой көтеретін аудандар абаттандырылады. “Қонай” ықшам ауданында асфальтбетон жабыны, тротуар төселді. “Универсал сервис” ЖШС 84, 85-кварталдарда жұмыстарды атқаруда. Көшелерді жарықтандыру, аулаларға спорттық және балалар ойын алаңы орнатылады. Көгалдандырылып, көшеттер отырғызылады, – деді бөлім басшысы.
Ал “Береке” шағын ауданында жылу қазандығының құрылысы толық аяқталған. Мердігер қазір іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Нысанды “Азия Энергопроектмонтаж” ЖШС мердігерлік ұйымы салды. Қазір құжаттамасы рәсімделуде. Қазандық жылыту маусымына дайын. Нысанды қазан айының басында тапсыру жоспарлануда, – деді Дастан Иманбеков.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қазандық алматылық мамандардың тексерісінен өткенін атап өтті.
– Сапасы жақсы, Bosch неміс фирмасының өнімі. Енді қазандыққа қосылатын нысандарды дереу анықтау қажет. Қосқан күннен бастап құр боса жұмыс істеп тұрмасын және қарыздар жиналып қалауы керек, – деді қала әкімі.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ