Қостанай қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында қандай шаралар қабылданып жатыр? Көшедегі санкцияланбаған сауда-саттық мәселесі қалай шешілмек? Бұл түйткілдер қала әкімі Марат Жүндібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру ерекше бақылауда. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары күн сайын базарларда, ірі сауда орталықтарында, шағын маркеттері мен дүкендерінде 19 түрлі тауар құнының тұрақты сақталуын қадағалау мақсатымен мониторинг жүргізеді.
«Өткен аптада 34 аула дүкенінде тексеру, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қайталама рейд кезінде 27 сауда нысаны қамтылды. Сауда орындарында бағаға ең минималды үстеме қосу жөнінде 160 келісім-шарт жасалды. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 104,1%-ға тең болды. Биыл күріш 2,4%, жуа 8,2%, қант 3,4% өскенін айта кетейік. Әлеуметтік нан бағасы ерекше қадағалауда, қазір 90 теңгеден үш супермаркетте, бес минимаркетте және алты дүкенде сатылады. Жалпы, қаладағы 41 супермаркетте 350 әлеуметтік сөре бар», – дейді бөлім басшысы Мира Қазкеева.
Қазір тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызды тауарлар қоры жеткілікті. Оның үстіне, қор оңтүстік өңірлерден келетін балғын көкөніспен толыға түскен. Дегенмен, жарамсыз болып қалып жатқан тауарлар да бар. Мәселен, шілде айында Түркістан облысынан әкелінген 20 тонна орамжапырақтың жартысына жуығы аптап ыстық салдарынан бүлініп кеткен. Сондықтан жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімдерін сатып алу шешімі қабылданып отыр.
«Бағаны бақылауда ұстау мақсатымен, осы жылдың үшінші тоқсанында қала әкімдігі бастамасымен меморандум қабылданды. Оның аясында Тұрақтандыру қорының тауарларын 10 пайыздан аспайтын бағада саудаға шығару келісілген. Меморандумға 8 супермаркет, 22 дүкен қол қойды. Сондай-ақ, жыл басынан бері төрт мәрте ауыл шаруашылығы азық-түліктерінің жәрмеңкесі өткізілді», – деп толықтырды бөлім басшысы.
Қала басшысы қыркүйектен бастап арзандатылған сауда-саттық іс-шарасын әр ай сайын екі рет өткізіп тұруды, тұрақты күндерін белгілеуді тапсырды.
Ендігі бір мәселе – қала көшелерінде етек алып бара жатқан стихиялық сауда-саттық. Адам аяғы көп жүретін орындарда, жол жиектерінде, тротуарларда заңсыз, рұқсатсыз, өз еріктерімен сөре жайып отырған саудагерлер көбейіп кеткен.
«Қозғалысы көп көшелерге, ірі сауда орындары маңына, оқу орындарының айналасына шағын сауда нысанын орналастырып алған азаматтар көп. Енгізілген мораторийге сүйене отырып, шағын және ұсақ кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізудеміз. Осы кезге дейін 17 нысанға тексеріс жүргізіліп, төртеуіне ескерту жасалды. Рейд кезінде біздің көзімізше жол бойындағы сауда сөресін айналып өтпек болған бір әйелді көлік қағып кете жаздады. Жалпы, капиталды, стационарлы емес нысандар жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына кедергі жасамауға, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбауға, қаланың визуалды келбетін қашырмауға тиіс», – дейді М.Қазкеева.
Стихиялық сауда-саттық қала бюджетіне салықтың түспеуі, сапасыз өнімдердің ықтимал қаупі, көше тазалығын сақтамау секілді әлеуметтік-қоғамдық мәселелердің туындауына да себепкер. Қала әкімі де осы проблемалардың біртіндеп шешімін табу керек екенін айтты.