Тұңғиық терең сырлы қаламгер

Тұңғиық терең сырлы қаламгер

Биыл Аманкелді ауданы тарихы үшін ерекше жылдардың бірі. Оған дәлел кеше ғана атап өткен батыр бабамыз Аманкелді Имановтың туғанына 150 жылдық мерейтойы болса, сол кезде осы батырмен үзеңгілес болған, құстың қос қанатындай қатар жүрген, кейінгі заманда саясаттың қыспағығына ілініп, тарихта көп қудалауға ұшыраған халық батыры Кейкі Көкембайұлын саясаттың қандайда бір қиындығына қарамастан, қазақ қауымына әдеби шығармасымен алғаш қауыштырған заңғар жазушы Ақан Нұрмановтың туғанына 90 жыл. Осыған орай журналист Бөгетбай Әлмағамбеттің осыдан отыз жыл бұрын жазған естелік әңгімелерін оқырмандарға ұсынғалы отырмыз.

Торғай түлеткен талант

Ақан Нұрманов туралы жазу қиын, өте қиын. Өйткені ол терең сырлы, ойлы адам болатын. Аз сөйлейтін. Сұрағыңа жауабы да, өз сұрағы да бірер сөзден ғана тұратын. “Сөз сөзден шығады, сөйлемесе қайдан шығады”, – дегендей ақжарқын, ежіл-қожыл әңгіме болмағаннан кейін, ол былай деп еді, мынадай іске көзқарасы бұлай еді деп басып айта алмайсың ғой. Ақанның қуанғанын, ренжігенін де айту қиын болатын. Жасы кіші болғасын сырласпаған шығар дейін десем, өз қатарына да солай. Оның қандай адам екенін тек ісінен, қаламынан ғана айырар едік.

Осы арада айта кетер бір жайт, маған Әкім Таразидің “Ертеңнен шапса – кешке озған” деген эссесін оқудың сәті жақында ғана, осы Ақанның 60 жылдық мерейтойына әзірлік үстінде ғана түсті. Әдетте үйінде бар кітапты қайта-қайта ала бермейсің ғой. “Құланның ажалы” кітабының алғашқы екі басылымы болғандықтан ба, 1987-жылғы шыққаны менде жоқ екен. Сол эсседе Әкім Тарази Ақанмен тез сырласып, түсінісіп кеткенін айтыпты. Мүмкін жазушы мен жазушы солай болған шығар. Бірақ, Ақан көбімізбен олай болды деп айта алмаймын.

Белгілі жазушы Қалиқан Ысқақов та Ақанды қаламынан танып, ту Алматыдан іздеп келіп, тіл табысып, астанага әдейі ертіп кеткен жок па? Өзі қатарлас жазушыларына: “Сендер Ақанның алдында жіп есе алмайсыңдар. Бұл керемет ғажайып талант, оның орны біздің ортамызда”, – деп танып, бағалауы Ақанның аз ғұмырында өз ортасын тауып, тез шарықтап, әдебиет әлемінің биігіне көтерілуіне мұрындық болған Қалиқандай азаматқа мың да бір алғыс.

Мен Ақанды қай уақыттан білетінімді дөп басып айта алмаймын. Қазір рулык бөліністі жоққа шығарып жатқанымен де, дәл бұл арада оны айтпай да кете алмаймын. Біз арасы қыз алысуға жетпеген ағайынды елдің ұрпағымыз. Жасы үлкеніміз кейінгі кішілердің ата-анасын, туыс-туғанын ерте танимыз. Үнемі араласып жүрмесек те қанымызға жақын тартып тұрамыз. Мұны

жасыру күпірлік. Менің Ақанды білуім – біздер бір атаның ұрпағымыз. Әркімге де пендешілік тән ғой. Алдыңдағы үлкенді, қандасыңды туыс тартып тұру жастайыңнан басталады.

Ақан Талдықорған облысында туған. Әкесі қызмет бабымен сол жақта болған. Бірақ оның ата-мекені, ежелгі қоныс еткен жері – Торғай бойы, Байғабыл өзенінің жағасы. Ақанның ес біліп, алғаш тәлім-тәрбие алған жері де осы Торғай бойы. Оны қияға қанат қақтырып, әдебиет әлеміне қосқан, талай тарихи оқиғалардың куәсі – көне Торғай өңірі.

Әрбір ұстаздың өзінің үздік шәкіртін мақтан етіп айтып отыратын әдеті ғой. Менің жұбайым, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жұпар Қазанғапқызы Ақан жөнінде былай деп айтып отыратын:

– Шаймерден ағайдың інісі, – деп әңгімелейтін ол. – Ақан мінезі тұйық. Ауызша сабақты Ақан көп ойланып, үзіп-үзіп дәл айтады. Оны асықпай түгел тыңдауға уақыт жете бере ме? Кейде бір мырс етіп күліп алып, үндемейді.

– Ақан саған әдебиеттен ауызша бағаны қалай қояйын?”– дегенде ол:

– Жазбашамен бағалай берсеңізші, – дейді екен. Ал, шығарма жазғанда Ақан алдына жан салмайды. Одан стилистикалык қате табылмайды, – деуші еді.

Кейін газетте бірге қызметтес болғанда байқадым. Оның жазу таңбасы тасқа басылғандай анық, әріптері сұлу түсетін. Жолсыз ақ қағазға біз қисайтып, іркіс-тіркіс жазсақ, ол сызғышпен тартқандай, түп-түзу әдемі жазатын.

Ақан аудандық газетте жауапты хатшы болды. Өз ісін жетік білетін. Журналистиканың қай саласына да шеберлікпен қалам тарта алатын. Біздің көбіміз мұндай дәрежеге ұзақ жолдан өтіп жеттік десем жалған емес, шындық. Ал, Ақан осы дәрежеге 24-25 жасында, яғни алғаш қалам ұстаған жылдарында-ақ қаламының ұшқырлығын танытқан.

Біздің ол кездегі қызметіміз де қазіргідей емес, “жүз қойдан жүз қозы алды”, –деген шаруашылық ақпарат көп болатын. Іссапарға шықсақ та сол, хат қорытсақ та сол. Ал, Ақан осы бір жауыр тақырыпқа көп бара бермейтін. Ол ойлы мақалалар, көркем-әдеби очерк, суреттемелер, әңгімелер жазуға құштар еді. Жуырда аудандық газеттің ертедегі тігінділерін қарап отырып, Аканның тап осындай шығармаларына тап болдым. Қостанай облыстық газетінің архивтегі тігінділерінен де Ақанның әңгіме, очерктерін кездестірдім.

Редакциядағы жауапты хатшылық міндетті Ақан үздік атқарды. Келесі сұлбасын (макетін) дайындап, жоқ мақаланы жазуды ұсынады. Қай күнге қандай мәселе көтеру керектігін жете біледі. Жалпы Ақандай жауапты хатшымен жұмыс істеу жеңіл еді. Ол редакторға көп салмақ түсірмейтін. Газеттің таусылмайтын, көзге көрінбейтін ұсақ-түйек дерлік, бірақ басылым үшін маңызы үлкен жұмыстарды өзі-ақ реттеп отыратын.

Ақан арнайы өлең жазбаса да ақын еді. Оның редакциядағы әзіл-калжың өлеңдерін бәріміз қуана қабылдайтынбыз. Ақанның осындай әзіл-калжың бір қақпайлары сақталым құжаттарында (архивте) болу керек еді. Бірақ дәл қазір оны іздеп табу қиын болғандықтан, ойымда сақталғанын жазғалы отырмын. Оны білетін оқырманнан қателессем, кешірім етуін өтінемін:

Бар ма қайшы, бәкің деп,

Зыр жүгіред Кәкімбек…

Жатсадағы жер жанып,

Қозғалмайды Ержанов…

Жұп дегені тақ шығып,

Қол байлайды тапшылық.

Отыз сомды бөле алмай,

Көп қиналды Жақсылық..

Мұндағы Кәкімбек Наржанов белгілі журналист.

Тұраш Ержанов – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары білімді маманы. Редакцияда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор қызметтерін атқарды. Сабырлы, салмақты, ауыр мінезді жігіг. Ал, Жақсылық Бірмағанбетов есеп қызметкері. Ол кезде де, қазір де аудандық газет қызметкерлері ресми қаулы-қарарларды, КазТАГ материалдарын облыстық, республикалық газеттерден қиып алып береміз ғой. Кәкімбектің зыр жүгіретіні сол. Газеттің қаламақы мөлшері бір нөмірге 30 сом. Оның 40 проценті – газет қызметкерлеріне. Мұндай аз ақшаны бөліп беру оңай емес. Әрі, ол кезде ауыл тілшілерімен байланыс жақсы болатын. Кейбір ауылдарда тілшілер саны 10-15-ке дейін жететін. Жылына 152 саны шығатын газетке 1500-1700-ге дейін хат түсетін. Жақсылық марқұм адал қызметкер еді. Үшеуі де замандастары.

Ақан жоғарыда біз келтірген бір қақпай әзіл-өлеңдерінде осы жайттарды сөз етіп отыр. Өлеңдері шымыр, ұйқасы берік.

Әдетте прозашылар өлең шығара алмайды деседі. Бұл жалған болар. Сез өнерін игерген адам шын ақындық жолға түспегенімен, өлең шығара алатынын өмірдің өзі дәлелдеп жүр. Мысалы, бір ауыз өлең жазбаған адам деп жүрген Ғабиден Мұстафиннің “Жас қазақ” әнінің сөзін қайда қоямыз? Ән өлеңі осындай-ақ болсын. Ақан да өлеңді кәсіп етпесе де, оны игере алатын қаламгер еді.

Бұдан 30-35 жылдай бұрын жоғары білімді журналистер аудандық газетке қызметке келе бермейтін.

Ақанның не себепті келгенін, кейінірек газеттегіден еңбек ақысы екі есе кем автоклуб меңгерушілігіне не себепті кеткенін енді аңғарып жатырмыз ғой. Ақан өзінің туған жеріне аса бір тарихи оқиғалардың тайқазаны қайнаған жерде болашақ шығармаларына деректер жинауға келген екен.

Ол елін, жерін дамылсыз аралап, тарихи оқиғалардың куәгерлері – ақсақалдармен кездесіп, олардың ұзын-сонар шындыққа толы-бүкпесіз әңгімелерін тыңдады. Мұндай іске автоклуб меңгерушілігінен қолайлы қызмет табу қиын еді. Ақан автоклуб меңгерушісі болып жүргенде де осындай әзіл-қалжың өлеңдерді көп шығарыпты.

– Сол жылдары, – деп еске алады қарт журналист, алпысыншы жылдары мәдениет бөлімін басқарған Уәли Хайруллин, – біз көрші Жанкелдин ауданына өнерпаздардың гастролімен жиі баратынбыз. Сахнада өнер көрсетуді Ақан өлең жолдарымен ұқсастырып жүргізетін еді. Адам тұңғиық терең сырына түсініп болмайтын жас Ақан өз дегеніне жетті. Ол осы Торғай өңірінде болған оқиғалардан алып, “Ор”, “Аққу шоғыры”, “Күн ертеңге ауып барады”, “Ымырт” повесть, әңгімелерін жазды. Болашақ романына деректер жинады.

Ақанның журналистік қызметіне әлі күнге көңіл бөлмей келеміз. Онан да алатын үлгі, өнеге, тылсым сырлар баршылық. Журналист демекші, бұл азапты кәсіптің әлі күнге бағаланбай келе жатқаны сол мамандық иелеріне ғана аян. Дүниеде адам жүйкесін жұқартатын осы қиын мамандық әлі күнге қазақша өз атауын да ала алмай келеді. Біз осы кезге дейін, қай түсінікті де орысша баламасымен аударып, бағалап келдік қой. Мысалы, писатель – жазушы, поэт – ақын, архитектор – сәулетші. Тіпті ақын-жазушыларды қаламгер деп те жалпы атаймыз. Журналистке бұл атау да бұйырмай жүр. Шынтуайттап келгенде, журналистің қазақша баламасы – қаламгер емес пе? Жазушы да, ақын да болып жүрген журналистер жеткілікті. Ақан да осы жолдан өткен. Ол әуелі жазушы емес, журналист-қаламгер болған. Осыны да ойласқанымыз жөн.

Әдетте біз біреуді мақтасақ періште етіп, аспанға шығарып, мінсіз етеміз. Ақан да жетістік, кемшілігі бар жұмыр басты пенде еді. Оның жеке басының артықшылығы да, кемшілігі де сол тұңғиық терең мінезінде болатын. Ұлы Абай: “Кімнің қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі кемшілігі”, деп тегін айтпаған ғой. Сондықтан Ақанды еске алғанда өне бойы мадақтап кетті ғой демей, осы жайды да еске алған жөн. Өз басым Ақаннан осыдан өзге мін табамын деп

ойламаймын. Оның туыстары, достары, ұстаздары да солай деріне кәміл сенімдімін.

Ақан өзінің мерейтойларына жетпей, жастай кетті. Шығармашылық кеш, оқырмандармен кездесу де өткізген жоқ. Осы күні ойлаймын, тіпті аты шығып, елге жан-жакты танымал болған жағдайда, ол мұндай өзін-өзі дәріптеуге бармас еді. Оған оның ішкі бай мәдениеті, терең білімділігі, адамгершілігі, біртоға тұйықтығы, өзі туралы да, өзгелер туралы да сөзге сараңдығы жол бермес еді. Қазір жұрт әбден мезі болып біткен даурықпа-дақпырттан аулақ болар еді.

Ақан кітапты өте көп оқитын. Аудандық кітапханада ол оқымаған әдеби кітап аз болар. Бір ғажабы, үш үй ғана орысы бар қазақ ауданында өскеніне қарамастан, Ақан орыс тілін жақсы білді. Университеттен кейін тіпті жетік меңгерді. Бұл жағынан алғанда, атасы ұлы Абайға ұқсайтын қасиеті бар. Орыс мектебін көрмеген ұлы ойшыл ол тілді жетік меңгерген ғой. Тіпті Гетенің “Қараңғы түнде тау қалғып” өлеңін М.Ю. Лермонтов аудармасынан гөрі түпнұсқасына дәл келтіріп аударған десіп жүр. Бұған Михаэлистің әсері болған дейді. Соның өзінде орыс тілін жетік меңгергендік бар емес пе, Ақанның да тіл меңгеруге икемділігі таң қалдырады.

Талант ұқсастығы қилы-қилы. Ақанның тіл меңгеру талантын Абай атасына ұқсатсам, үнемі ойлану, толғану үстінде жүретіндігін не бәрі 27 жыл ғана өмір сүрген жерлесіміз ақын Қайыржан Елешевке (1925-1952) ұқсатар едім.

Ақанды әдебиет әлеміне танытқан, қалың қазақ оқырман қауымына атын шығарған оның біреу де болса бірегей, әйгілі “Құланның ажалы” романы еді. Өкінішке орай, Ақан бұл романын толық аяқтай да алмай кетті. Осы туралы айтканда, Ақанның ағасы Шәймерден Нұрманов ақсақалдың өз ауызынан естіген бір әңгіме бар. Ол кісі жазушыларға: “Романды аяқтайтын бір бала өз әулетімізден шығуға тиісті, – депті. Шынында бул әулеттің балалары оқуға, ғылымға бейім, үздік үлгірімімен көзге түседі. Естелік болғасын жасырмай айта кетейін, Ақанның немере інісі Алтай Төлеуұлы Нұрмановқа осы әңгімені айтып, “сол үмітті ақтайтын мүмкін сен боларсың, – деген едім. Өйткені ол алғашқы очерк, әңгімелерімен оқушы күнінде-ақ Ақан ізін қайталағандай еді. Бірақ ол үміт ақталмай келеді. Жалқаулығы басым. Мүмкін талант көзі бір күні ашылар. Мен мұны талпынар ма екен деген үмітпен қайрау үшін де жазып отырмын.

Қайыржан марқұм кең көшеде басын шалқайта салып, жан-жағына, не төмен қарамай аяңдап, тік келе жатар еді. Жанына келіп қалған адамның тықырын, демін сезбес еді. “Қайыржан, Қайыржан”, – деп екі-үш қайталағанда ғана, ұйқыдан шошып оянғандай “ah” дер еді.

Ақан да үнемі ой үстінде сабырлы, салқын жүретін. Ақанмен соңғы кездесуімнің бірі 1963-жылғы желтоқсанның 30 жұлдызында болды. Кешкісін оны үйге ертіп келіп қонақ еттім. Ол сол кезде Алматыда болатын.

Ойым шығармашылық жоспарын, не жазып жатқанын білу еді. Ондай әңгіме қайдан болсын. Баяғы сол “бар, жоқ” сияқты қысқа жауап. Үлкендігімді көрсетіп, неге шешіліп сөйлемейсің деп, – ренжіген де болдым. Бетіме қарап жымия күлді. Ал, соңғы бір келгенінде аупартком бірінші хатшысының күту бөлмесінде кездестім.

– Біздің аудан жөнінде очерк жазайын деп едім, –деді.

Аудан өмірінен мағлұматы мол Ақан хатшыдан дерек алу ушін емес, алғы жоба-жоспарын білгісі келген болу керек. Кейін бұл көлемді очерк үлкен әдеби журналда жаряланды.

Ақанның бұл айтылғандардан басқа біз естіп білген қырлары мен сырлары баршылық…. Ол спорттың бокс, күрес түрлерін жақсы игерді. Ортаға шығып, өнер көрсетпесе де ешкімнен зәбір-жапа көрген жоқ. Шахмат өнерін де біршама жақсы игерді. Қазір Ақанның ата-баба мекені Аманкелді ауданында онын 60 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірлік жүріп жатыр. Аудан бойынша мерейтойларды өткізу жөнінде беделді комиссия құрылған. Ақанның өз ауылында да осындай комиссия жұмыс істеуде. Ақан өмірі мен шығармашылығын насихаттау, халыққа тарату жөнінде шаралар жургізілуде. Байғабылдағы мәдениет үйі мен ауылдық кітапханаға Ақан есімі берілген. Біз бұл шараларды құптай, қолдай отырып, қазіргі нарық қыспағы кезінде емес, сәл кейінірек болса да Ақанның екі томдық шығармалар жинағын жариялауды дұрыс дейміз. Оған жоғарыда айтылған аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда Ақан еңбектері жиналуға тиіс. Ақанның Алматыда тұрған үйіне жерлестері атынан мемориалдық тақта орнатылса, Торғай жұртының оны қалай құрметтейтініне дәлел болар еді. Ақан жөнінде естеліктерді де жинақтаған теріс болмас еді. Ақан өзіне -өзі өлмес белгі соғып, насихаттап кеткен адам. Оның 60 жылдық мерейтойы бұған сүбелі үлес қосары хақ. Той өзімен, ол өз қызметін атқарады. Ал, біз Ақанның өскен, қызмет еткен жеріне әзірше ескерткіш белгі орнатсақ дұрыс болар еді. “Мынау Ақанның белгісі», – деген атауды қиған жөн.

Жастай қыршынынан үзіліп, маңдайымызға сыймай кеткен ғажайып талант Ақан жөнінде айтпағым осы еді. Өмірін өлмес кітаппен өрнектеп кеткен адамға өзінен артық не айта аламыз.

Бөгетбай Әлмағамбет

29 сәуір 1993 жыл

Жаңалықтармен бөлісу