20 июня, 2025
Тұғыры биік көк байрақ, бабадан мұра елтаңба, рухы асқақ әнұран Тобыл төрінде дәріптелді

Тұғыры биік көк байрақ, бабадан мұра елтаңба, рухы асқақ әнұран Тобыл төрінде дәріптелді

Қостанайдағы облыс әкімдігі алдындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде атап өтілді.
Көлемі 20×10 метрлік алып Мемлекеттік Ту алаңға әкелінді. Бұл рәсімді конкиден әлем чемпионы Денис Кузин бастап берді.

  Муниципалдық оркестрдің сүйемелдеуімен мектеп оқушылары еліміздің әнұранын орындады.

  Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиналған қауымды еліміздің мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтады.

«Еліміз үшін көк байрағымыз, елтаңба, әнұранның маңызы зор. Бұл құндылықтар бойымызға мақтаныш пен жауапкершілік береді. Бүгінде мемлекеттік ту, елтаңба, әнұран әр қиырда жүрген әр қазақстандықтың мақтан тұтатын, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түсетін нышанға айналды. Рәміздеріміз арқылы дүниежүзіне тыныштық пен бейбіт күннің қымбат екенін жеткізіп отырмыз. Нұрын шашқан алтын күн өмірде бейбітшілік пен байлықты бейнелейді. Қанатын кеңге жайған құралпымыз халқымыздың айбарын, атақ рухын паш етуді. Айбарлы әнұран оң қолымызды жүрекке қойып шырқағанда ерлік жолындағы елдікті, ата-баба аманатын сезіндіретін қастерлі жыр», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қазақстан халықаралық аренеда танылған мемлекет. Бұған Серрия мәселесі бойынша Астана процесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұжымдық қауіпсіздік шарты сияқты мемлекет аралық іс-шаралар дәлел бола алады. Қазақстан Азиядағы іс-қимыл, өзара сенім шаралары жөніндегі кеңестің бастамашысы болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі түрде енгізген геосаяси реформалар Қазақстанды Орта Азия елдері арасында көшбасшы етті. Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан өткен жылы ел экономикасының өсімі 5, 1 пайызды құрады. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағыны 62 пайызға ұлғайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің батысын Торғай-Аманкелді-Арқалық арқылы орталықпен байланыстыратын жаңа автомобиль магистралі салынады. Жыл соңына дейін Арқалық әуежайын қалпына келтіруді жоспарланып отыр. Ел Үкіметі Рудный қаласында ұзындығы 18 шақырым айналма жол салу туралы шешім қабылдады. Тұрғын үйдің құрылысы белсенді дамып келеді. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп жатыр. Биыл 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.

«Басты мақтанышымыз біздің жерлестеріміз. Қостанай облысы өз батырларын мақтан етеді. Туды халықаралық ареналарда танымал еткен спортшылар – Тұрсынай Қабыл, Иван Дычко, Денис Кузин, Лаура Әлмағамбетова, Маргарита Грыценко, Айсұлу Жұмабаева, Надежда Рябец, Динара Құтжолова биікке көтерді. Біз халықаралық және олимпиада жеңімпаздарын мақтан етеміз. Олар Байжігіт Ерасыл, Әбдіқадыр Тайыр, Өжентай Абзал және басқаларды айтуға болады. Олардың жеңістері таланттың, еңбектің және Отанға деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Біз қазақстандықтармыз, оны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу бізге тағдыр сыйлаған бақыт», – деді облыс әкімі.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай балалар арасында сурет байқауы жарияланған еді. Облыс басшысы осы байқаудың  жеңімпаздарын марапаттады.

Жітіқара ауданы Абай атындағы мектеп лицейінің оқушысы  Амира Мендаулетова  3 орынды жеңіп алды. 2 орын  Қостанай ауданы балалар шығармашылығы үйінің тәрбиеленушісі  Альберт Беккерге бұйырды, Қостанайдағы  балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Дарья Брум жеңімпаз атанды.

Іс-шара аясында ІІМ Академиясы курсанттарының, мектеп оқушыларының, «Ақжелең» ансамблінің, филармония солистері мен вокалдық ұжымдардың қатысуымен концерт өтті.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, танымал әнші Ибрагим Ескендір Қостанай жұртына патриоттық әндерін тарту етті.

Облыс тұрғындарының белсенді патриоттық челленджі көрсетілді. Бұл челлендждің бастау алған қасиетті мекені – ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, Алаш арысы – Міржақып Дулатовтың Бидайық ауылындағы кесенесі болды.

 

Дәл осы жерден Қазақстан Туы 700 шақырымдық сапарға шықты. Бұл – жай ғана жол емес, бұл – тарихи жадыға, ұлттық құндылықтарға, елге деген сүйіспеншілікке тағзымның белгісі.

 

Тұғыры биік көк байрақ – ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен ардақты рәміз. Бабалардан болашаққа жолданған асыл арманындай қастерлі құндылық екенін ұққанымыз абзал. Аталарымыз төбесіне биік ұстап, бүгінгі бақытты ұрпақтың қолына табыс еткен еркіндіктің нышаны болып қала бермек. Ол ұшса құстың қанаты талатын дархан даланың салқын самалымен желбірейді.

 Оның рухы әр қазақтың жанарында мөлдірейді. Біз байрағымызды биіктету арқылы елімізді де көтереміз. Рухымызды асқақтатып, айбынымызды танытып, бойға жігер, ойға қуат жиямыз. Ол әділеттің жағында. Жұмысшы мен құрылысшының қолында, дән шалқыған егістікте, кен балқыған зауытта, арман мен үмітке бастар даңғыл жол үстінде.

Ол өркениет төрінен ғана жеткендей желбірейді. Ол қашан да жүрегіміздің төрінде. Ой-санамыздың тау биігінде, бабаларымыздан желі тартқан байрақ балаларымызға табысталады. Тарихымызды бағалап келешекке жарқын жол ашу үшін жас ұрпақ та оны дәл біздей қастер тұтады.

Ту тұғырлы әлемде қолдан-қолға көшкен жәй белгі емес, ұрпақты астына біріктірген, ынтымаққа ұйыстырған киелі нышан.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суретке түсірген Бердіболат Көркембаев