“Қостанай таңы” газетінің төл жобасы – “ТүзеТілді” айдарының кезекті сериясы жарық көрді. Оны You Tube желісіндегі арнамыздан көруге болады.
Осы жолғы бейнесабақта сөздерге қосымшаларды жалғау кезінде көбіміз жиі ұрынатын қателіктер сын садағына ілінеді. Жалғау мен жұрнақтың емлесіне жүрдім-бардым қарайтын ағайынға бұл шығарылымның пайдасы көп болар деген сенімдеміз!
Ал біз осы орайда сіздердің назарларыңызға бүгінгі шығарылымның жазбаша нұсқасын ұсынамыз:
Қазақ тілінде қосымшаның жұрнақ және жалғау аталатын екі түрі бар. Олар түбір сөзге белгілі бір заңдылықтар бойынша жалғанады. Сол арқылы сөздің лексикалық немесе грамматикалық мағынасын өзгертіп, сөздерді өзара байланысқа түсіреді. Бірақ біз осы морфемаларды емлеге сай қолданып жүрміз бе? Бүгін «ТүзеТілді» жобасында қосымшаларды жалғау кезінде, көбіміз жиі ұрынатын қателіктердің бірсыпырасына тоқталмақпыз.
- «Он шақты машиналар». Қазақ тілі емлесінде көптік жалғаулар сан есімнен кейін жалғанбайды. Өйткені санның өзі көптік мәнді білдіреді. Тіпті саннан кейін «шақты», «шамалы», «астам», «қаралы» секілді септеулік шылаулар тұрса да зат есімге көптік жалғау, жалғанбауы қажет. Мәселен, «он машиналар» немесе «он шақты машиналар» деп жазу – қате! Дұрысы: «он машина», «он шақты машина», т.б.
- «Барша қазақстандықтар», «бірнеше балалар». Жалпылау және белгісіздік есімдіктерінен кейін де көптік жалғау жалғанбайды. Өйткені, мысалы, «барша», «көптеген» деген секілді жалпылау есімдігіне мән беріп қарасаңыз, бұлардың топтау, жинақтау мағынасында қолданылып тұрғанын көресіз. «Барша» деген сөздің бір ғана қазақстандыққа қолданылмайтыны белгілі ғой. Демек, «барша қазақстандық»! деп жазылып, айтылуы керек. «Кейбір кездер», «бірнеше балалар», «көптеген мәселелер» деген тіркестер де осы ережеге қайшы.
- 3. «Аспазшы». Қазақ тілінде зат есімнен зат есім тудырушы -паз, -кеш, -қой секілді жұрнақтар бар. Осы қосымшалар арқылы жасалатын туынды зат есімдердің соңына -шы, -ші дейтін жұрнақтарды үстемелеп жалғауды әдетке айналдырдық. Бұл, әлбетте, қате. «Аспаз» зат есімін мысалға келтірейік. «Ас» деген түбірге -паз жұрнағын жалғасақ, «ас пісіретін адам» дейтін мағына пайда болады. Ал онысыз да кәсіп иесін білдіріп тұрған есімге осы мәндес -шы жұрнағын тіркеудің қажеті қанша? «Арбакеш», «Әзілқой», «Шаштараз» деген сөздерге де -шы, -ші жұрнақтарын жалғауға болмайды!
- «АҚШ-ның», «ЖШС-не», «ҚМУ-нің». Қысқарған сөздерге жалғанатын септік жалғаулардан да жаңылып жүрміз. Негізінде, қосымшалар бас әріптері арқылы қысқартылып жазылған күрделі сөздерге байланысты жалғануы керек. Тарқатып жазғанда «Америка құрама штаттарының» болып таңбаланғанымен, аббревиатура (қысқарған) түрінде «АҚШ-тың» деп жазылады. Көбіміз «штаттары» деген соңғы сөзге мән бере отырып, аталған қателікке жол береміз. Осы секілді, «ЖШС-не» емес, «ЖШС-ға», «ҚМУ-нің» емес, «ҚМУ-дың» болуға тиіс! Бір ескерерлігі, бастапқы әріптері арқылы қысқарған «педколледж», «ауатком», «инвестжоба», «кеңшар» секілді, сөйлем ортасында кіші әріппен жазылатын сөздерге қосымшалар өзгеріссіз және дефиссіз жалғанады.
- «Қажетпіз», «тиіс», «керекпіз». Біз мысалға келтіріп отырған модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «көруге тиіспін, көруге тиіссің, көруге тиіс». Өйткені бұл сөз «ти» деген түбірден туындағандықтан, түрленеді деп санаймыз. Ал «қажет», «керек» сөздеріне қандай жағдайда да жіктік жалғаулар жалғанбайды. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «келуіңіз керексіздер», «көру қажетсіңдер» деп сөйлеп, жазып жүр. Бұл да түзеуіміз қажет қате!
- «Болады ма?», «келеді ме?». Жіктік жалғаудың ІІІ жағы арқылы жасалған етістіктен кейін сұраулық шылау келетін болса, -ды, -ді жалғаулары түсіп қалады. Басқаша айтқанда, көсемшенің -а, -е, -й жұрнақтарынан соң қосымшаның қажеті жоқ. Болымсыз етістіктің (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе) жұрнақтары болса да, бұл заңдылық өзгермейді. Мысалы, «бола ма?», «келе ме?», «бермей ме?», «ашпай ма?» деп қолданылуға тиісті.