ТүзеТілді: аударма тіл табиғатын бұзбауға тиіс

ТүзеТілді: аударма тіл табиғатын бұзбауға тиіс

Орыс тілінің ыңғайына жығылып сөз құрау дерті асқынып тұр. Сөзді тәржімаламас бұрын оның қазақы баламасын іздеп көруге мән бермейміз. Көбіне, мағынасы келсін-келмесін, сөзбе-сөз аударма жасап, тіліміздің сәнін құртамыз. Енді бірде орыс тіліндегі сөзжасамдарды сол күйінде қолданысымызға енгізіп алатын болдық. Бүгін «ТүзеТілді» айдарында тағы да калька мәселесіне айналып соғып отырмыз.   

            Сібір жарасы. Орыстың мал ауруына қатысты «сибирская язва» деген сөзін «сібір жарасы» деп аудару – үлкен қате. Өйткені қазақта бұл кеселдің әртүрлі атауы бар. Мәселен, халқымыз сиыр ауруын «қараталақ» немесе «топалаң», түйенікін «қарабез, ақшелек», қой мен ешкінікін «ылаң, ұшпа», ал адамға жұққан бұл кеселді «түйнеме, күйдіргі» деп атаған. Сондықтан бұдан былай орыс сөздерін аудармас бұрын әуелі олардың қазақша мағынасын іздеп көрген, қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін бір сүзіп шыққан дұрыс.

            Робототехника. Бұл сөздің «робот» және «техника» дейтін шетел сөздерінің бірігуінен жасалғанын аңғару қиын емес. Бірақ осы екі сөз орыстардың дәнекер «о» әрпі арқылы байланысып тұр. Ал біз оны сол күйінде қолданысымызға енгіздік те жібердік. Осыны өз тілімізге ыңғайлап алуға не кедергі бар? Қазір республикалық деңгейдегі кейбір сауатты журналистер мұны «робот құрастыру» деп қолданып жүр. Өте құптарлық  балама. «Робот құрастыру пәні», «робот құрастыру кабинеті» десек, оның несі жаман? Тым құрығанда «робот техникасы» деуіміз керек.

            Арнайы. Калька аударманың «белсенді өкілдерінің» бірі – осы сөз. Тағы да сол орыс тіліндегі «специально, специальный» сөздерінің ортақ тәржімасына айналған. Мысалы, «он к нам специально приехал» деген сөзді «ол бізге арнайы келді» деп аударсақ, мұны дұрыс делік. Бұл жердегі «арнайы» – сын-қимыл үстеуі. Ал «приобретены специальные устройства» деген сөйлемді «арнайы құрылғылар сатып алынды» деп аудара саламыз. Қателік осы жерде. Мұнда үстеу емес, сын есім тұлғасындағы «қандай?» деген сұраққа жауап беретін «арнаулы» сөзі қолданылуы керек еді. Осы айырмашылықты білуіміз керек. Сондай-ақ «специализированный» деген сөздің «мамандандырылған» дейтін аудармасы шықты: «мамандандырылған ауданаралық сот», «мамандандырылған ХҚКО». Филологтар мұны қате аударма деп есептейді. Мұның орнына да «арнаулы» деген сөздің қолданылғаны дұрыс.

            Құрал. Орыс тілінен толық аударылмауы керек тіркестер бар. Бірақ соңғы кездері солардың ақ-қарасына қарап жатқанымыз шамалы. Мәселен, «транспортное средство», «денежные средства» сияқты сөздерді сол қалпында «көлік құралы», «ақша құралы» деп аударатын ағайынды жиі көретін болдық. Олардың қазақшасы жай ғана «көлік», «ақша» («қаржы, қаражат») болуы керек. Егер СМИ (средства массовой инвормации) БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) болып аударылса, онда әңгіме басқа. Сосын, «соқыр көргенінен танбайдының» керімен «средство» сөзін барлық жерде «құрал» деп қазақшалай беруге болмайтынын да ескеруіміз керек. «По средствам электронной почты» деген сөйлемді «электронды почта құралы бойынша» деп аударғандарды көрдік. Дұрысы: электронды почта арқылы (немесе почтамен).

            Жылжымайтын мүлік. Бұл да калька аударма. Орыстың «недвижимость» деген сөзінің қазақшасы. Сөзбе-сөз мағынасы дәл келіп тұрғанымен, қазақы ұғымға келіңкіремейтін сәтсіздеу балама. Бірақ, әрине, іс-қағаздар және ауызекі тіл нормаларына еніп, кең таралып кетті. Соңғы уақытта филолог ғалымдар бұл сөзді «орнықты мүлік» деп қолдану керегін айтып жүр. Мұндай сәтті аударманы профессор Нұргелді Уәлиев ұсынған. Несі бар, мұны «жылжымайтын мүлікпен» алмастырып, әдеби нормаға айналдыруға әлі кеш емес деп ойлаймыз.

            Бейбітшілік үшін. «Мы за мир!» дейтін ұран сөздің тікелей аудармасы да көңілден шықпай жүр: «біз бейбітшілік үшін!». Осындай да сөйлем бола ма? «Үшін» деген шылаумен сөйлем аяқталушы ма еді? Орыс тілі мен қазақ тілінің синтаксистік құрылымы аспан мен жердей екенін бұған дейін де айтқанбыз. Сосын, сөйлемнің өзінен бұрын мағынасы аударылуға тиіс. Қазақты түсінікке жақындайтын аудармасы «біз бейбітшілікті жақтаймыз!» болса керек. Осы сияқты «мы за чистый город!» деген сөйлемнің қазақшасы «біз таза қала үшін» емес, «біз қаланың таза болуын (болғанын) қалаймыз!» делінуі шарт. Сондай-ақ бұл сөйлемде жіктік жалғаудың «-мыз» қосымшасы тұрғандықтан, «біз» сөзін қолданбай-ақ қоюға да болады.

Жаңалықтармен бөлісу