Президентіміз үлгі еткендей елімізде еңбек адамдарына деген құрмет айрықша. Өмірін еңбекке арнаған сондай асыл азаматтардың бірі – Арқалық қаласының тұрғыны Мырзахан Сейдахметов.
Ақсақалды 85 жас мерейтойына орай қала әкімі Әмірхан Асанов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров үйіне арнайы барып құттықтады.

Мырзахан Орақұлы еңбек жолын 1960 жылы Амангелді ауданының Қырықжылдық совхозында жүргізушіліктен бастаған. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін Крупская атындағы совхозда көлік жүргізушісі, инженер, электрик болып еңбек жолын жалғастырды. Директордың орынбасары, негізгі мамандығына сай агроном болып қызмет жасады. Аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. «Соғыс балалары» ұйымының Амангелді аудандық бөлімінің төрағасы болды.
Құдай қосқан қосағы Жаңыл Балахметовамен бірге 7 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлдары заңгерлік мамандықтарын алса, қыздары ұстаздық жолын таңдаған.

«Мұғалім боламын деген менің арманымды қыздарым орындады. Қыздарымның бәрі де жоғары білімді ұстаз», – дейді «Күміс алқа» иегері Жаңыл Балахметқызы.


Ақсақалдың сонау тоқсаныншы жылдары елге диірмен әкеліп орнатқаны да өзіндік бір тарих.

«1992 жылы мамандығым агроном болғасын ерекше қызығушылық, құлшыныс танытып диірмен ашуды ұйғардым. Сол мақсатпен Түркияға, Францияға бардым. Диірменнің қондырғылары Түркияда жасалып, Француздар оны патенттеп алған екен. Теңіз, темір жолдарымен Ленинградқа жеткізіп, одан бері қарай машинамен әкелдік. Осы диірменді елге әкеліп іске қосуыма жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тұңғыш Вице-президенті Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтың көп көмегі тиді», – дейді Мырзахан Орақұлы.
Елге еңбегі сіңген қариялар 2019 жылдан бері кенже ұлдары Өмірханмен бірге Арқалық қаласында тұрады. Балалары қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет істейді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
