ІІМ өкілі түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Құрметті ата-аналар мен түлектер! 25 мамырда еліміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаттары өткізіледі. Салтанатты іс-шаралар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайды. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша, әрбір оқу орнына жауапты полиция қызметкері бекітілді. Патрульдік нарядтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болады. Соңғы жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, мектептердегі “Соңғы қоңыраулар” аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлектер іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкінішке қарай, жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында тіркелді. Одан бөлек, ата-аналардың бақылауынсыз балалар тыйым салынған жерлерде суға түсіп жатады. Былтыр Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су айдындарының шомылуға жабдықталмаған жерлерінде жасөспірімдердің суға кету жағдайлары тіркелді. Осыны ескере отырып, ата-аналар мен түлектерді мінез-құлықтың қажетті нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 арнасына, ал төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне хабарласуды сұраймыз, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.