Трансплантация жасағаннан кейін де өмір бар

Трансплантация жасағаннан кейін де өмір бар

Қостанай облысы бойынша 360 адам гемодиализ алады. Бүйрек трансплантациясын жүргізуге республикалық күту парағында біздің өңірден 51 адам тұр.

Облыс бойынша 22 адамның бүйрегі алмастырылса, оның ішінде туыстық донордан  2 адамға биыл бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұдан бөлек, бауырға – 2, ал жүрек трансплантациясын жасауға 3 адам куту парақшасына тіркелген. Бұл біздің өңірге қатысты деректер.

Трансплантация өмірге қажетті маңызды ота. Осыған орай ағымдағы жылы маусымның 19 мен 23 жұлдызы аралығында Ақтөбе қаласында “Өмір тынысы” трансплантацияланған науқастардың қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған трансплантациядан кейінгі адамдар мен диализдегі пациенттер арасында республикалық жарыс өтуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – трансплантациядан кейін адамдардың физикалық мүмкіндіктерін көрсету арқылы донорлық және органдарды трансплантациялау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы ұзынкөлдік Жәнібек Оспанов. Ол кісі республика бойынша ең алғаш жүрегіне  трансплантация жасаған.

            –Спортшылар командасы Қостанайда тоқтап, оларды облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қарсы алып, қатысушыларға медициналық тексеру жүргізді. Жарыста волейбол, үстел теннисі, жүзу және дартстан сайыстар болды. 10 облыстан және республикалық маңызы бар қалалардан 100-ден астам спортшы қатысты. Кейде адам өмірін алып қалу үшін дәрігерлер трансплантация жасайды. Бұл өте күрделі ота. Десе де дәрігерлердің арқасында бұл мүмкіндікке қол жеткізіп, кейін де өмір жалғасып, адамдар спортпен шұғылданады. Соның бір дәлелі осы шара болды. Осы шараны қолдау мақсатында облыс атынан арнайы топ құрылып, аттанды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары Майра Бейсен.

 

Жаңалықтармен бөлісу