Тозығы жеткен асфальт, шаңы бұрқырап, шөбі ну болған жол, балалардың ескірген ойын алаңы. Бұл – 5-шағын аудандағы №1 үйдің ауласы. Қарасаңыз, қала іші емес, ұмыт қалған айдала сияқты. Ауланың берекесі кетіп, тоз-тозы шыққалы қай заман. Неше жылдан бері ПИТК (пәтер иелерінің тұтыну кооперативі) күтімге алса да бір оңдырып іс атқарған емес.
Былтыр көштен қалмайық деп үйдің тұрғындары МИБ-ке (мүлік иелерінің бірлестіктері) көшті. Одан да қайыр шамалы. Баяғы жартас – сол жартас. Қираған ойын алаңы, белуардан келетін шөп сол қалпы тұр. Тіптен аула тазалаушы да жоқ. Тұрғындар айта-айта әбден шаршады. Кімге барып, мұңдарын шағарларын да білмейді. Тұрғындардан құралған ватсап желісінде күнде айғау-шу. Ол аз дегендей, үйдің маңы толы ит. Тобырымен жүр. Аулаға бала шығып та ойнамайды. Көрші маңдағы аулаларға барып асыр салып, үйіне оралады.
“МИБ төрайымы болғаныма да көп болмады. Жұмыс деген шаш етектен. Көріп тұрсыздар ауланың сиқы осындай. Биылғы жылы шөп те шабылмады. Осы үйде көптен бері тұрамын. Барлық мәселе маған жақсы таныс. Ауланың жері қалаға қарайды. Олар шөпті шауып, тазартып ұстаулары қажет. Бұл мәселені де айттық. Мен бұл жұмысты енді қолға алғандықтан бұрынғылар нендей жұмыс атқарғанын білмеймін. Бұған дейін аулаға балалар алаңы керек деп қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне бірнеше рет құжат та тапсырған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бюджетте қаражат жоқ дегеніне үшінші жыл болды. Қала әкіміне тағы да барғым келеді. Балалар өсіп келеді. Олар үшін еш жағдай жасай алмай отырмыз. Үйдің жертөлесі де жетісіп тұрған жоқ. Ешқандай да күтім болмаған. Сантехник, аула сыпырушы да жоқ. Қалалық әкімдік шөпті жауып, балалар алаңын салып берсе деймін. Ең маңыздысы толып жүрген қаңғыбас иттерді қайда жіберерімзді білмейміз. Оларды тұрғындар тамақтандырады. Түнімен үріп, адамға шауып, балалардың зәресін алады. Бұл да біздің проблемамызға айналды. Тұрғындар да ОСИ-ға ақша төлегісі келмейді. Көбісі ешқандай жұмыс атқарылмағанын көріп бейжай қарайды. Мен әлі жұмысқа толық кіріспедім. Бізге алдымен төбені бітеу қажет. Төбеден су ағады. Көгершін қалдықтары мен саңғырықтары да жиналып қалған. Оны да тазалау қажет”, – дейді МИБ төрайымы Валентина Пигаль.
Біз барған шақта балалар ойнасын деп құм төгіліп жатыр екен. Жаз бойы бұл құмға да қол жеткізу оңай болмады. Бұл үйде бірнеше подъезд болса да тек біреуінің алды ғана гүлге оранған. Оны тұрғындар өздері бірігіп жүзеге асырыпты.
“Осы үйде тұрып жатқаныма 8 жыл. Содан бері аулада еш өзгеріс болған емес. Сол баяғы қираған аула ойыншықтары. Алқам-салқам. Балаларды қираған алтыбақанда тербетуге де қорқасың. Үстіне құлап кетер ме деп зәрең қалмайды. Айнала толы ит. Өткен жолы төрт жасар баланың қолын тістеп алып, жедел жәрдем шақырдық. Бұл мәселе талай айтылды. Ай сайын ОСИ-ге ақшасын төлеп отырамын. Қалалық әкімдік, облыс әкімі көңіл бөліп, назар аударса деймін. Үйдің сырты жақында жаңартылып, тіптен көшеге қарайтын балкондар да қапталуда. Үйдің келбеті әдеміленіп, қалаға көрік береді. Осындай игі істер болып жатса қуанамыз”, – дейді №1 үйдің тұрғыны Аружан.
Үй тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе – үйдің артында жүргізіліп жатқан құрылыс.
“Осы үй салынғаннан бері тұрамын. Үйдің артындағы алаңқайда қаншама қарағай, ағаш өсетін еді. Сол жерде саябақ болса деуші едік. Кешқұрым қыдырып, тыныстап, демалар едік. Бұл жер жәй жер емес. Қалаға кірберіс жер. Қалаға келген қонақтар біздің үйдің маңын алдымен көреді. Енді, міне, сол бос тұрған алаңқайға құрылыс жүргізлуі үшін қоршалып жатыр. Неге сол жерге саябақ салып, гүлдер егіп, орындықтар қоймайды. Билік қала тұрғындарының өтінішіне құлақ асуы керек емес пе? Ал ауланың мәселесімен ОСИ айналысуы тиісті. Сол үшін де ақша төлейміз. Оларды кім тексеріп, жауапқа тартатынын білмеймін. Егер жұмысты дұрыс атқара алмаса неге мойындарына алады”, – деп налыды тұрғын әже.
Міне, жағдай осындай. Бұл бір ауланың ғана жай-күйі мен тұрғындардың жанайқайы. Ал мұндай тозығы жеткен аулалар қаламызда қаншама. Бұл мәселегі жергілікті билік өкілдері назар аударып, жауап берсе екен дейміз.
Айтолқын Айқадамова
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков