«Басшыға бес сұрақ» айдары аясында оқырман қауымнан түскен сауалдардың бірқатары тілдерді оқытуға қатысты. «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді.
– Тілдерді оқыту орталықтарына кез келген адам барып оқи ала ма? Қандай тілдерді оқытады? Сабақ уақытын өзімізге ыңғайлы қоюға бола ма?
– «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі ҚАЗТЕСТ ҚР Ұлттық стандартына және Бірүлгі бағдарламасына сай 100 сағаттық мемлекеттік, ағылшын және армян, татар, башқұрт, неміс, корей тілдерін оқытады. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл тыңдаушылары – 550, ағылшын тілі – 207, ана тілдері бойынша 64 тыңдаушы келіп жүр (жалпы тыңдаушы саны – 821). Курсқа кез келген адам өтініш негізінде, ал мемлекеттік мекемелер хат жіберу арқылы оқи алады. Оқу мерзімі ақпан айынан басталып, қарашаның аяғына дейін жүреді. Дәріс уақытын өзгерту деген болмайды, бекітілген сабақ кестесіне сәйкес өтеді. Бір мекемеден бірнеше адам қазақша үйренуге ниет білдірсе, оларды сонда барып оқыту да қарастырылған. Бастысы – ниеттену.
Бізде қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтар арасында өзге ұлт өкілдері аз емес. Олар қызметімізге, жұмысымызға, ертеңіміз үшін қажет дейді. Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білу міндет екенін жақсы түсінген замандастарымыз да бар.«Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген нақыл сөзді бәріміз білеміз. Демек, тіл білу сізге қосымша күш береді.
– Тілдерді оқыту орталықтарында мамандардың кәсіби біліктілігі тексеріліп тұра ма? Оқытушылар қалай іріктеледі?
– Оған ешқандай шүбә келтірмесе болады. Өйткені, қаншама адаммен жұмыс істейтін болғандықтан, іріктеліп алынады. Жоғары білімді, мамандығына байланысты дипломның және педагогикалық жұмыс өтілінің болуы, екі тілді меңгерген, біліктілік курстарынан өткен маман болуы қажет. Жыл сайын әдіскер-оқытушылардың білім-білігін арттыру үшін әртүрлі семинарлар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Ал аудандар мен қалалардың тілдерді оқыту орталықтарының мамандары үшін біздің Облыстық орталық мамандары онлайн, оффлайн форматта үнемі әдістемелік сағаттар өткізіп тұрады.
– Екі тілдің курсын қатар оқуға бола ма? Курсты толық оқып болған соң берілетін құжаттың жұмысқа тұруға немесе жұмыста айлықтың өсуіне септігі бола ма?
– Екі тілді қатар оқып жүруге болады. Курсты толық оқып болған соң емтихан тапсырып, сертификат табысталады. Еңбекақының өсуіне еш септігі жоқ, мемлекеттік қызметші болғандықтан, құжат айналымдарын мемлекеттік тілде жүргізуіне үлкен көмегі бар.
– Қазақ тілін үйренуге ынталындыру үшін оқытудан басқа қандай амалдар, жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
– Тіл үйретумен қатар, деңгейде тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған республикалық, облыстық, аймақтық семинарлар, байқаулар, фестивальдер, викториналар, кездесулер, челлендждер көп ұйымдастырамыз. Аталмыш іс-шараларға қатысып, жүлделі орын иеленген тыңдаушыларымызды марапатқа ұсынамыз. Атап айтатын болсақ, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Тіл шебері», «Үздік оқытушы» байқауларында орталық әдіскер-оқытушылары жыл сайын жүлделі орындар иеленіп жүр.
Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған жобалар: 2023 жылдан бастап Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен 2024 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумының шеңберінде «ТілLife», «Тіл айбыны» жобасын іске асырып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің ұлттық құндылығы, қазақ мәдениетінің қазығы болып саналатын қазақ тілін дамытуға жан-жақты және барынша ықпал жасау.
Аталған әскери бөлімінің офицерлері мен әскери қызметшілерінің арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясы аясында Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тілді дәріптеу – ұлт болашағы» тақырыбында ақпараттандыру сағаты өткізілді. Ақпараттандыру сағатында ақын-жазушылардың тіл туралы нақыл сөздер жинағы тыңдалып, күй шертіліп, тілге қатысты заң жүйесіндегі жаңа реформалар туралы ақпарат берілді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оны дамытуға арналған өзге де алуан форматта іс-шараларымыз бар.
ҚР Конституциясы күніне орай мемлекеттік қызметшілер сайысқа түсетін «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқауымыз дәстүрлі іс-шараларымыздың бірі. Тілдер мерекесіне орай Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2024» облыстық байқауы өткізілді. Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – рухани қазына» атты облыстық салтанатты жиын болып өтті. Аталған іс-шараға тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, этно-мәдени бірлестік өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту саласының басшылары, мамандары қатысты.
Республика күніне орай үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты – үш тілді қатар меңгерген жастарды анықтау, оларға қолдау көрсету, үштілділікті насихаттау, тіл мәдениетін көтеру. Аудандар мен қалаларда тіл жанашырларының қатысуымен фестивальдар мен конференциялар ұйымдастырылып, дөңгелек үстелдер, ақпараттық-насихаттау жұмыстары да жүргізілуде.
Мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпараттық құралдарда кеңінен қолданылуын насихаттау барысында орталық оқытушылары С.Бекбусинова QOSTANAI телеарнасында «Время говорить» айдарында сабақ жүргізсе, С.Нұржанова «АЛАУ» телеарнасында «Тілашар» жобасын жүргізді.
– Оқулықтар жеткілікті ме? Материалдық-техникалық жабдықталуы қалай?
– Орталық оқу-әдістемелік құралдары ҚАЗТЕСТ жүйесінің деңгейлік сатысына сәйкес А1 қарапайым, А2 базалық, В1 орта, В2 ортадан жоғары, С1 жоғары деңгейімен, ал ағылшын тілі курстары қарапайым және базалық оқытудың оқулықтарымен толық қамтылған және заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен жасақталған. Сабақты тиімді әрі қызықты өткізу үшін оқытушыларымыз әртүрлі платформаларды пайдаланып, цифрлық технологияларды қолданады.
Сұхбаттасқан – Аслан ҚАНҒОЖИН