23 мая, 2025
Торғайлықтар көкпарда дес бермеді

Торғайлықтар көкпарда дес бермеді

Арқалық қаласы әкімдігінің әлеуметтік тапсырысы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып өткізілген фестиваль қорытындысында көкпар ойынынан Жітіқара ауданының жігіттері жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің жадында қалды. Жүлделі үшінші орынды Аманкелді ауданының командасы (жүлде қоры 200 мың теңге) екінші орынды Арқалық қаласы(300 мың теңге), бірінші орынды Жанкелдин ауданының командасы (500 мың теңге) иеленді. 

Түрлі қашықтықтағы ат жарыстары да көрген жанның делебесін қоздырды.

Тай жарыстан бірінші орынды Аманкелді ауданы (100 мың теңге), құнан бәйгеден Арқалық қаласы (150 мың теңге) топ жарды.

Көптің көңіл құсын шарықтатқан аламан бәйгеде Қостанай қаласы (300 мың теңге) бас жүлдені жеңіп алды. Аттың аты — «Халида». Шабандозы — Олжас Айтбай.

 

 

«Атымның алып отырған бірінші бәйгесі. Былтыр Ақтөбе қаласынан сатып алып едім. Түп тегі арап жылқысы. Байталым бағымды жандырды», – дейді аламаннан ат оздырған жүйріктің иесі Серік Смағұлов.

Ұлттық ат спорты ойындарына Арқалық қаласынан Әбдіғаппар хан ауылы, Аманкелді ауданынан Байғабыл ауылы, Жанкелдин ауданынан Көкалат ауылының айрықша үлес қосқанын атап өтуге болады.

Жүлделі орындарды қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков салтанатты түрде табыс етіп, халықтың қауіпсіздігін сақтауда асқан жауапкершілік танытқан полиция, денсаулық сақтау, өрт сөндіру қызметтеріне алғысын білдірді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                           Арқалық қаласы