Торғайлық жас кәсіпкер Тәуіш ауылында кондитерлік цех ашады

Торғайлық жас кәсіпкер Тәуіш ауылында кондитерлік цех ашады

Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылының тұрғыны Нұрайым Ғалымжан бала күнінде сүйікті ісіне айналған тәтті тағамдар пісіруді қолға алды. Алдағы уақытта  ауыл орталығынан шағын кондитерлік цех ашу жоспарында бар. Ол өткен жылы мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз несие алған.

 “Менің басты мақсатым – елге қызмет ету. Жас кәсіпкер атанып, ауылдың дамуына үлес қоссам арманым болмас еді. Осыдан үш жыл бұрын ұн өнімдерінен тәтті тоқаш, күлше нан, самса пісіріп, азын-аулақ табыс тауып жүрдім. Кейін ауыл тұрғындарынан тапсырыстар қабылдадым. Азғантай жиналған қаржыға қосымша пеш сатып алдым. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері тапырыс көп болды. Артынша, ойлана келіп, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз несие алуға жоспарымды ұсынып, қажетті құжаттарды дайындадым. Осылайша, көздеген мақсатым орындалып, грант иегері болдым. Енді еш қиналмастан тапсырыстар қабылдай аламын. Тағы да қосымша пештер мен қажетті құрылғыларды сатып алдым. Әзірге үйде жұмыс істеп отырмын. Жаз айында жаңадан шағын цех салып, кәсібімді кеңейтуді ойлап жүрмін. Бұл ойымды жолдасым да құп алып, көмектесуге әзір екенін айтты. Ұн өнімінен жасалған тәтті тағамдардың бағасы да тиімді. Ең бастысы, еңбегімді бағалап отырған ауыл тұрғындарына ризамын”, – дейді жас кәсіпкер.

Жас кәсіпкер Нұрайым Қызылбайқызы бұдан өзге сән саласынан да хабардар. Тырнақ пен кірпікті әрлеп, шаш қияды. Одан да табыс табуға болатынын жасырмайды. Ауылдағы қыз-келіншектер үшін “САМ СЕБЕ БАЙЕР” атты курс ашып, қосымша дәріс береді екен. Кәсіптің әр саласын меңгерген Нұрайымның еңбегі еселене түспек.

Өткен жылы Жанкелдин ауданында 19 адам қайтарымсыз несие алып, кәсіптерін ашқан. Олардың басым бөлігі ауылды жерлерде тұрады. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Тиыннан теңге құраған кәсіпкерлер өздері үшін ғана емес, ауылдық ағайындардың да жағдайларына қарағаны дұрыс. Себебі әрбір өнім қолжетімді бағада болса, тұтынушылардың да саны артады.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу