ТОРҒАЙҒА ОРЫС МЕКТЕБІ  КЕРЕК  ПЕ?

ТОРҒАЙҒА ОРЫС МЕКТЕБІ КЕРЕК ПЕ?

Тоқсаныншы жылдардан бері тұрғындар саны үш есеге дейін төмендеген Жанкелдин ауданында жалғыз орыс мектебі бар. Уағында төрт жүзден астам оқушы білім алған сол мектепте күні бүгін бала саны азайды. Қайтпек керек?

Аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығы тығырықтан шығар жол тапқан сыңайлы. Биылдан бастап білім ошағы қазақ  тілінде оқытуға бет бұрды. Құптарлық дүние. Жүз жылдық тарихы бар мектеп мемлекеттік тілге бір-ақ күнде көшпесе де, жылдан жылға сынып санын көбейте түсуді жоспарлап отыр.

1884 жылы  Қазақтың ұлы ағартушысы  Ыбырай  Алтынсарин  қалада  екі сыныпты орыс-қазақ училищесін ашқаны тарихтан белгілі.  Арада елу жыл өткенде білім ошағы   жеті жылдық  мектепке айналды. Педагогикалық ұжымның негізін қалаушы Николай Иванов мектептің алғашқы директоры ретінде  Ы. Алтынсариннің бастамасын одан әрі жалғастырды. Ол Ілияс Байменов, Қаражан Топаев, Шабден Сомтеміров, Әбдіғали Балғымбаев, Ғапбас Саламатов, Ғалымжан Бектемісов, Масғұт Жоламанов, Мұқан Өмірзақов, Жақсыбай Нұрғалиев сияқты өңірге танымал  көрнекті ұстаздармен бірге  жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене араласты.

Білім ошағы  1955 жылы сегіз жылдық орыс мектебіне айналып,  мектеп директорлығына  Н. Ивановтың шәкірттерінің  бірі, Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі   Кәкім Анапин тағайындалды. 1963 жылы мектеп өз қабырғасынан алғашқы түлектерді түлетіп, ұшырды. Сол кездегі мектеп басшысы Еркін Әлмағамбетов алғашқы он түлекке орта білім туралы аттестат тапсырды. Еркін аға  1989 жылы мектептің  негізін қалаушы Николай Ивановтың есімін мектепке бергізуге де  мұрындық болған кісі.

Кезінде  бұл мектепте қазақ халқының рухани көшбасшылары Ахмет Байтұрсынұлы  пен Міржақып Дулатов оқыды.  Жүз жылдық тарихы бар білім ошағынан мыңдаған оқушы  өмірге жолдама алды. Олардың қатарында Торғайдағы ұлттық-азаттық көтерілісіне қатысқан  Қанафия Қайдосов, Кенжеғұл Бүркітов, Кәкімбек Бүркітов, химия ғылымдарының докторы, академик Батырбек Бірімжанов, ақын, қоғам қайраткері Қайнекей Жармағанбетов, Кеңес Одағының батыры, корпус командирі, генерал-лейтенант Ғани Сафиуллин, дивизия командирі, полковник Мырзағали Жангелов, композитор Бақытжан  Байқадамов, Дінмұхамет Қонаевтың серігі, қоғам және мемлекет қайраткері Бөлебай Исабеков, көрнекті журналист Бейсенбай Ералин, ҚазМУ ректоры, қоғам және мемлекет қайраткері Асқар Закарин, Жамбыл облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Мұқатай Жүрмұхамбедов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев және тағы басқалар бар.

Бүгінде 300 оқушыға арналған екі қабатты еңселі мектепте 128 бала оқиды. Бұған ішкі миграция көп әсер етіп отыр дейді білім ошағының басшылығы.

–Кезінде біздің мектепте 400-ден астам оқушы білім алды. Елдің жаппай көшу үдерісінен білім ошағында бала саны едәуір азайып кетті.  Бізде қазір орыс ұлтының бірде-бір баласы жоқ.  Бұрын мектебіздің жанында қосымша ғимарат болатын. Оқушы саны азайған соң, оған да қажеттілік болмады. Қазір орны ғана жатыр. Биылдан бастап “Жол картасы” шеңберінде мемлекеттік тілдегі мектептердіңжүйесін ұлғайту мақсатында қазақ тілінде оқытуға бет бұрдық. Мәселен, үстіміздегі жылы даярлық сыныбына жеті бала, бірінші сыныпқа бес оқушы қабылдадық. Өстіп, жыл озған сайын мектебіміз бастауыш сыныптардан әрі қарай қазақ тілінде оқыту бағдарламасын ұлғайта бермек, – дейді мектеп директоры Аханбай Рыскелдин.

.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу