Торғайдың «Тұмары» бар

Торғайдың «Тұмары» бар

Жылды табысты қорытындылап, Жаңа жылдан жақсы үміт күтіп отырған жерлестеріміздің бірі – Жангелдин ауданының тұрғындары, отбасылық кәсіпкерлікпен 30 жылдан бері айналысып келе жатқан Елеуітовтер отбасы.

Биыл бұл отбасы мемлекеттен 5 миллион теңге грант алып, халыққа қызмет көрсету саласы бойынша дәмхана ашты.

blank blank

Отанасы, дербес кәсіпкер Кәмпит Елеуітова тіл маманы. Кезінде мектепте мұғалім болып ұзақ жыл қызмет жасаған. Сонау тоқсаныншы жылдары жолдасы Талап екеуі қол ұстасып тәуекел деп ел қатарлы жеке кәсіпті бастады. Жоқтан бар құрап, үш баласын өсіріп жеткізді. Аяулы ана алғашында кәсібін құдықтың суына дәмдеуіш езіп сатып бастаған еді. Келе — келе дүкен де ашты. Анасы айтып отыратын «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп. Отағасының мамандығы – мал дәрігері.

Ауыл шаруашылығынан қол үзбей, отбасылық бизнестің өркендеуіне тірек болған азамат.

Баласы үлкен қалада тұруға мүмкіндігі болса да аудан орталығына келіп, өздерімен бірге жұмыс істеуде.

Ұлдары Заманбек пен келіндері Наргиз екеуі де жоғары білімді. Келіндері атақты Нұрхан ақынның шөбересі болып келеді.

Жақында кішкентайлы болды. Енді міне екеуі ата – аналарының ұйғарымымен «Тұмар» кафесін ашып, шаруасын дөңгелентіп отыр.

 

«Көптен тұрып қалған ғимарат елдің игілігіне жарап жатыр. Алғашында үш қабатын қаптап қана қоя тұрамыз ба деп ойлағанбыз. Отағасы «істесек дұрыс істейік» деп істі төтесінен қойып, үдеуіне мұрындық болды. Үстіңгі жағы кафе. Аспазшы қат мамандық болып тұр. Оның бәрі жүре қалыптасады ғой деп асығыстық жасағанымыз да рас. Құдайға шүкір қазір бәрі ойымыздан шығып келеді. Жалпы, еліміз өзімізге ыстық. Өзге жерге тек қыдырып, демалу үшін ғана барамыз.  Бұл кезінде «быткомбинат» болған нысан. Ортасы үлкен бетонмен бөлінген. Құдамыз Бауыржан Әбдір жәрдемдесіп, мейрамханаға лайықтап, бетондарды тұрбалармен алмастырды. Болат Жүсіпов деген ағамыз кранмен көмектесіп, ауыр – ауыр тастарды терезеден сүйреп шығарды. Нұрлан деген ініміз инженерлік жүйелерін жаңғыртып берді. Қазақы салтымыз бойынша алғысымызды айтып, бәрінің де иықтарына шапан жауып, астарына жабағыларын мінгіздік», – дейді Кәмпит Мұханбетзәкірқызы.

Жаңа дәмхананың сыйымдылығы 200 адамға лайықталған. Бір орынға 2 мың 500 теңгеден белгіленген. Сыртқа шыққанда көріп жүргендеріндей баға мұнан әлдеқайда қымбат екенін де біледі.

blank

Алайда, елжанды кәсіпкерлер бағаны өсіруге асықпайды. Өз тараптарынан ұстанған бағыттары, қоятын шарттары да бар. Яғни, дәмханада арақ-шарап құйылмайды және ас мәзіріне доңыз еті қолданылмайды.

 

blank

Осылайша, ашылғанына көп бола қоймаса да еңселі дәмхана аудан халқына лайықты қызмет көрсетіп, ауданда өткен шоқтықты іс-шараларда да келген қонақтардың да көңілінен шығып үлгірді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                                        Жангелдин ауданы