Жанкелдин аудандық кезекті үшінші сессиясында аудан әкімі Шота Оспанов депутаттар алдында есеп берді. Күн тәртібінде осы жылдың жартыжылдығындағы әлеуметтік- экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы мақсаттары талқыланды.
Қазіргі таңда ауданның әлеуеті артып, экономикасы тұрақтанып келеді. Соңғы екі жыл көлемінде аудан аумағындағы инфрақұрылымдық жобалар тоқтаусыз жүзеге асып жатыр. Өткен жылы бірқатар ауыл, ауылдық округтердегі ішкі-сыртқы жолдар қалыпқа келтірілді. Осы тұрғыдағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Әлеуметтік нысандарда бой көтерді. Биыл да бірқатар ауылдарға спорт кешендері, орталықтандырылған су жүйлері, мектеп спорт залы мен асхана салынып, құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Аудан орталығындағы аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне және асхана ғимаратына, «Балдырған» бөбекжайына, 16 пәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз деңгейінде жүзеге асуда. Еңбек ресурсының ұтқырлығын арттыру бойынша атқарылып жатқан тиісті жұмыстар да көңіл көншітерлік.
–Жыл ішінде ауданға оңтүстік өңірлерден ерікті түрде 8 адам (2 отбасы) қоныс аударды. Олардың барлығы Торғай ауылына, орналасты. Оларға көшуге 1932,0 мың теңге материалдық көмек төленді. Осы тамыз айында 1 отбасы, яғни 6 адам Астана қаласынан қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Оған да мемлекет және аудан тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады. Жыл санап мал басы да өсуде. Заң аясында шабындық пен жайылымдық жерлердің мәселесі оңтайлы шешілетін болады. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының да саны артып келеді. Алты айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң сипатта. Бірақ, жеткен жетістіктермен тоқтауға болмайды. Атқарылатын жұмыстар әлі алда. Алдағы уақытта да істелуге тиісті ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан, бәріміз бірлесіп атқаратын жұмыстар алда, – дейді аудан әкімі Шота Сәбитбекұлы.
Сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлмира Ұзаққызы баяндама жасады. Ол мәслихаттың 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №133 «Жанкелдин ауданының 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізілгені жөнінде хабардар етті.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер толығымен қаралып, арнайы қаулы жобасы бекітілді. Аудандық мәслихаттың депутаттары бірауыздан қолдап дауыс берді.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы