Ғасырдан астам тарихы бар ағаш өткел соңғы жылдары сыр бере бастаған. Маңызды нысанды қалпына келтіру жөнінде талай айтылды.
– Бұл көпір біздің әкімдіктің иелігінде тұр. Алайда, бұған арнайы қаржы бөліп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Себебі, заң аясында шектеулер бар. Тек осы елдің тумаларын демеушілікке тартпасақ, басқа қолдан келер қайран жоқ. Ондай азаматтар жоқ емес. Солар уәде етіп отыр. Тіпті, қажетті құрылыс материалдарын түсіріп те қойды, – дейді Торғай ауылының әкімі Кемеңгер Қарағұл.
Айтып ауыз жиғанша, қолы епсекті азаматтар іске кірісті. Жасы алпысты алқымдаған кәсіпкер Бауыржан Айтжанов темірден түйін түйеді. Өзі кәсіби құрылысшы. Бұған дейін талай шаруаны тасқаяқтай қағыстырып, халықтың алғысына кенелген жігіт ағасы өз отбасының атынан ағаш көпірді уақыт талабына сай етіп, жөндеп беруге уәде етіпті.
Бұған дейін туған жері – Қызбелде тастан көпір қалап берген оның мәрттігін жерлестері әлі жыр ғып айтатын көрінеді. Енді Бауыржан Әбдірұлы атан түйе көтере алмас жұмысты өз мойнына алып отыр. Азаматтық танытпаса, көпір салу оңайдың ісі емес. Қыруар қаражат керек. Ал кәсіпкер өз қаржысына керек-жарағын сатып алып, құрылыс жұмыстарына білек сыбанып кірісті де кетті. Толығырық газеттен оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Жанкелдин ауданы