Торғайда жол құрылысы жандана түсті

Торғайда жол құрылысы жандана түсті

Биыл көктемдегі алапат су тасқынынан облыстың оңтүстік өңірлері қатты зардап шекті. Әсіресе, шалғайдағы Жанкелдин ауданының тұрғындары топан судың кесірінен баспанасыз, электр жарығынсыз, қатынассыз қалған еді. Бүгінде бәрі артта қалды.

Мемлекеттің қолдауының арқасында қысқа мерзім ішінде үйлері тұруға жарамай қалған тұрғындарға жаңа баспана  салып берді. Электр жарығы қалпына келтірілді.  Тек Торғай-Арқалық бағытындағы тас жол жолаушыларға қиындық туғызып отырған. Тасық тартылысымен Тәуіш ауылының маңындағы  су жырған екі жерге тас төселіп, беті тегістеліп  көліктердің жүріп-тұруына уақытша жағдай жасалды. Бірақ, бұл да ит арқасы қияннан әупірімдеп жететін жолаушылар нағыз ыңғайсыз-тын. Облыс басшылары екі аралықтағы күре жолды күн суытқанша аяқтауға уәде берген. Қазір Жанкелдин ауданының аумағында жол  құрылысы жандана түсті. Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, көктемде су шайған жолдардың құжаттары жасалып, облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген.

-Әрине, жол салу оңай шаруа емес. Алдымен жоба түзіліп, құжаттары әзірленеді. Одан кейін  байқау жарияланады. Қазіргі таңда істе қолға алған мердігер компания жұмысқа ынта-шынтасымен кірісті. Көктем-жаз айларында Арқалық-Торғай бағытындағы жол бүлінген соң қатынас та қиындай түскен еді. Мұның сыртында аудандық маңызы бар жолдар да жүруге жарамай қалды. Біз оларды қалпына келтіру үшін барлық шаруаны дер кезінде қолға алдық. Әзірге, жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатыр. Әлі біткен жоқ. Қараша айының соңына дейін бүкіл жолды аяқтаймыз, – дейді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

Тек бұл ғана емес,  аудан орталығы мен ауылдардың арасын жалғап жатқан басқа да көтерме жолдар жұмысы қарқын алған. Аудан басшысының айтуынша, былтырдан бері бас мердігер – «Алюминстрой» ЖШС Шұбалаң бағытындағы жолды орташа деңгейде жөндеп жатыр. Қаражаттан еш кедергі жоқ. Мұның сыртында Тоқанай-Саға бағытындағы 15 шақырымдық жол да биыл аяқталмақ. Жалпы, осы сияқты аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге облыс қазынасынан 1 млрд 600 млн теңге ақша бөлінді.Су тасқынынан кейін көп елді мекенге жұрт бір ізбен ғана барып-келетін. Оларды да бұрынғыша жөндеп, кеңейтіп жатыр. Сондықтан өңірде жол мәселесі түбегейлі шешімін тапты десе де артық емес.

-Өзім Алматыда тұрсам да елге жиі ат басын бұрып тұрамын. Кәсіби суретші ретінде Торғайдағы музейлерді безендіруді қолға алдым. Көктемде су тасқынының салдарынан ауданның орталығына әкелетін жол бұзылып, жүруге жарамай қалып еді. Кеше келе жатқанда айналма жолмен өттік. Негізгі тас жолды жөндеп жатқанын көрдік. Көп ұзамай аяқтайтын шығар. Өзім солай деп топшыладым. Өйткені жұмыстың қарқыны күшті. Жолай көліктен түсіп көрдік, қалай опырып тастаған! Оны қайтадан істеу де оңай дүние емес. Құрылысшы жігіттердің еңбегі нағыз ерлік, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Бақытжан Досымов.

Аудан тұрғындарының қай-қайсысынан сұрасаңыз да облыстық маңызы бар тас жолдың тезірек жөнделгенін қалайтындарын  айтады. Ел болғасын барыс-келіс болмай тұрмайды. Еміне дәру іздеп, шұғыл жолға шығатындар бар. Қалай десекте, шалғай өңірді Арқалық пен облыс орталығына жалғайтын жолдың маңызы алабөтен.

-Жолсыз еш ісің өнбейді. Әрлі-берлі жиі жүріп-тұратындықтан, оның қажеттілігі аса қатты сезіледі. Құдайға шүкір, мердігер компаниялар қазір күндіз-түні тыным таппастан жұмыс істеп жатыр. Бірақ, естуімше биыл асфальт төсемейтін көрінеді. Су жүретін жолдың астыңғы бөлігі бұрынғыдай емес, едәуір кеңейтілген. Ақкөл, А.Байтұрсынұлы ауылдарына апаратын жолды да істеп жатыр. Қазір ауылдармен байланыс жақсы. Барып-келіп жүрміз. Біздің тілегіміз сол, жол құрылысын қара суық түскенше бітірсе жақсы болар еді, – дейді Торғай кентінің тұрғыны Мәлік Бекетов.

Қысқасы, торғайлық ағайынның  жол азабынан құтылатын күні алыс емес. Табиғи апаттың салдарынан нұқсан келген жол көп ұзамай елдің кәдесіне жарамақ.Бұған ауданның  тұрғындары мен қонақтары үлкен сеніммен қарайды.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген – Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу