«Жангелдин ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ – нің мемлекеттік — әлеуметтік тапсырысы аясында «Азаматтарды қайта әлеуметтендіру және оңалту шеңберінде жұмысты ұйымдастыру» жобасы аясында спорттық біріншілік көрініс тапты.
Спорттың дартс және қол күресі түрлерінен ұйымдастырылған жарысқа жобаға қатысушылар белсенді қатысып, өзара бақ сынасты.

Сайыс барысында қатысушылар ептілік, төзімділік және жеңіске деген жігерлерін көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлестерін қосты.

«Біздің ұстанған бағытымыз – азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік белсенділігін арттыру. Осындай спорттық іс-шаралар қатысушылардың өз-өзіне деген сенімін нығайтып, жаңа өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамға табысты бейімделуіне ықпал етеді», – дейді жобаны жүзеге асырушы «Жалын» жастар ұйымының басшысы Мейрамбек Айбекұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды.

Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
