Торғайда құрылыс жұмыстары қарқын алды

Торғайда құрылыс жұмыстары қарқын алды

Торғайда биыл соны жаңалық көп.  Жанкелдин ауданының 95 жылдығы қарсаңында орталықта бірқатар жоба қолға алынған. Мәселен, көптен бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен “Балдырған” балабақшасына қазынадан 320 млн теңге бөлініп, іші-сырты түгел жаңартылды. Құдды бір жаңа салынған нысандай, анадайдан жарқырай көрінеді. Ескі ғимараттың  шатырынан бастап, есік-терезелері, жылу жүйесі, едені түгел ауыстырылды. Құрылыс-жөндеу жұмыстарын мойнына алған “Алюминстрой” ЖШС қысқа мерзім ішінде бөбекжайды адам танығысыз кейіпке енгізген.

– Құрылыс жұмыстарын бастан-аяқ “Алюминстрой” фирмасының құрылысшылары атқарып шықты. Жергілікті жердің азаматтарын да жұмысқа тарттық. Бұл ғимараттың салынғанына қырық жылдай уақыт болды. Бүкіл инженерлік-коммуникациялық желілері тозған. Шатырынан су ағатын. Бөлмелері қыстың күні жылымайды. Сондықтан, іші-сыртын тегіс бұзып, қайта салып шықтық десек, артық айтқандық емес,–дейді құрылыс учаскесінің бригадирі Елдос Сыздықов.

Аудан орталығында үй кезегінде тұрғандар аз емес. Оның сыртында сырттан қоныс аударушылар бар. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналысып  жатқан жас мамандарға да  баспана керек. Яғни, Торғайда жыл сайын көп пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Биыл Қайнекей көшесінің бойындағы бос тұрған бұрынғы бала-бақшаның  ғимараты қолға алынды. Қазір екі қабатты нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Алдағы уақытта мұнда он алты отбасы қоныстанбақ.

–Құрылыс жұмыстарын маусым айында бастадық. Өдеріңіз көріп тұрғандай, қазір сыртын қаптап жатырмыз. Ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталып қалды. Қараша айының соңына дейін бітіреміз,– дейді құрылыс учаскесінің жетекшісі Жеңіс Амандық.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бейбіт Мейрамұлы

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу